
Бүгін Астана әуежайында Астана-Ереван әуе рейсінің ашылуына арналған баспасөз конференция ұйымдастырылды. Онда БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Талғат Ластаев пен ҚР ИДМ Экономикалық интеграция департаментінің директоры Ерлан Абсатов жауап берді.
Аталмыш жиында сөз алған Т.Ластаев Бірыңғай экономикалық одақ құрамындағы Армениямен тікелей әуе қатынасын ашудың маңыздылығына тоқталды.
«Астаналардың өзара әуе қатынасы арқылы байланысуын қамтитын бағдарлама бар. Бүгін біз көлік министрлігі деңгейінде және одаққа мүше мемлекет басшылары деңгейінде талқыланған бұл бағдарламаны жүзеге асырып отырмыз. Астана-Ереван әуе рейсі Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық процесінде, ЭКСПО-2017 көрмесіне көптеген туристер тартуда екі мемлекетті одан әрі жақындастыра түсетін болады», - деп атап өтті Т.Ластаев.
Сондай-ақ, Азаматтық авиация комитеті төрағасының міндетін атқарушы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің алдында 2020 жылға дейін Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жолаушылар ағынын 4 есеге арттыру міндеті тұрғанын айтты. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында Министрлікт тарапынан ауқымды жұмсытар атқарылып отыр.
«Ашық аспан» пилоттық режимі отандық әуе компанияларды дамытуда, шетелдік тасымалдаушылармен ынтымақтастықты нығайтуда үлкен көмек болды.
«Әуежай қуатын 2,5 есеге арттыратын жаңа терминалдың атқаратын жұмысы қауырт болуы тиіс. Астана қаласының әуежайы Еуразиялық кеңістік территориясында жетекші хабқа айналуы керек. Біз осы мақсатқа қол жеткізуіміз қажет»,-деді Т.Ластаев.
Экономикалық интеграция департаментінің басшысы Е.Абсатовтың айтуынша, көлік саясатын үйлестірудің негізгі бағыттары айқындалып, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен көлік саласы бойынша ынтымақтастықты 2016 жылдың 26 желтоқсаны күні Санкт-Петербург қаласында мемлекет басшылар бекіткен болатын.
«Қабылданған құжатқа сәйкес, 2025 жылға қарай ортақ көлік қызметі мен бірыңғай көлік кеңістігін құрамыз. Астана – Ереван рейсінің ашылуы интеграциямен айналысатын мен үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді. Бүгіннен бастап біздің қала барлық Еуразиялық экономикалық одақ астаналарымен авиациялық қатынас орнатты», - деді Е.Абсатов.
Еске сала кетейік, биыл 11 ақпан күні Цахкадзор (Армения) қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің құзыретті орган жетекшілерінің кеңесі өтіп, онда екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу қажеттілігі айтылған болатын.
SCAT әуе компаниясының хабарлауынша, Ереванға тікелей рейстер 31 мамырдан бастап әр сәрсенбі және сенбі күндері Boeing 737 әуе кемесімен орындалатын болады. Билет құны екі жаққа да 73 мыңнан астам теңгені құрайды. Жолға кететін уақыт - 3 сағат 30 минут
