
2017 жылдың 18 маусымынан бастап «GeorgianAirways» әуе компаниясы Астана – Батуми – Астана бағыты бойынша жаңа рейс орындауды жоспарлап отыр. Бұл рейс Boeing 737 ұшағымен аптасына бір рет, жергілікті уақыт бойынша жексенбі күні сағат 05:20-да Астанадан аттанады.
Аталмыш рейсті ашуда ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Грузияның авиациялық билігі бірлесіп жұмыс атқарды.
Қазақстан мен Грузияның авиациялық билігі бұл ашылған жаңа әуе бағыты екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайтып, туризм саласының қарқынды дамуына ықпал ететініне сенімді.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Грузия арасында «AirAstana» әуе компаниясы Астана – Тбилиси және Алматы – Тбилиси, сонымен қатар, «SCAT» әуе компаниясы Ақтау – Тбилиси, Ақтау– Кутаиси, Ақтау – Батуми бағыттары бойынша тұрақты рейстерді орындап келеді.