
2017 жылғы 19 маусымда «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетімен бірлесіп тау-кен руда кәсіпорындарын одан әрі жаңғырту мәселесі бойынша тау-кен металлургия кешені саласында практикум өткізді.
Аталмыш семинар тау-кен өндіру өнеркәсібінің қазіргі жағдайын талдауға, сондай-ақ, өндірістік процестерге цифрлы технологияларды енгізуді қолдауға және ынталандыру шараларын қалыптастыруға бағытталған кешенді іс-шаралардың бір бөлігі.
Семинар-практикумның бағдарламасы бойынша қатысушылар пленарлық баяндамалар жасап, топтағы жұмыстарын көрсетті.
Пленарлық отырыс барысында ҚР ИДМ Индустриялды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Тау-кен металлургия өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов қатысушыларды Қазақстандағы тау-кен өндіру кешенінің дамуы туралы хабардар етті. Қатысушылар Швецияның тау-кен кластеріндегі жаңа жетістіктермен, мысал ретінде республикада қолданыстағы «АК Алтыналмас» АҚ сандық кеніштерімен, ТМК кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық жүйелердің дамуымен және тағы басқалармен танысты.
Семинардың екінші бөлімінде швед мамандары Қазақстандық тау-кен руда кәсіпорындарына Индустрия 4.0. элементтерін енгізу мүмкіндіктері, қиыншылықтары және перспективалары туралы нақты мәлімет алды.
Айта кету керек, семинар барысында швед мамандары «ҚИДИ» АҚ және Комитет өкілдерімен бірге ҚР тау-кен руда саласының кәсіпорындарымен толық танысу үшін, Васильковский ТБК («Altyntau Kokshetau» АҚ («Казцинк» АҚ), Нұрқазған («Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС) және Жолымбет («Қазақалтын» ТМК) кеніштерін аралайды.
Семинар 2017 жылғы 31 қаңтардағы Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар аясында өтті.
Семинарға қазақстандық тау-кен руда кәсіпорындарының топ-менеджменті, сондай-ақ «Евразиялық Топ» ЖШС (ERG), «Казцинк» ЖШС, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС, «АК Алтыналмас» АҚ,
«Полиметалл Еуразия» ЖШС, «Алтай Кен-Байыту» ЖШС, «Шалкияцинк Лтд.» ЖШС және т.б. бизнес-трансформация, өндіріс бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ Atlas Copco, AF халықаралық компаниялардың өкілдері, «Тау-кен металлургия кәсіпорындары ассоциациясының» өкілдері, «Назарбаев Университеті», «Д.А.Қонаев атындағы тау-кен ісі институты» сияқты ғылыми қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
