ССКӨБ өз өніміндегі темірдің пайыздық құрамын арттыруда

ССКӨБ өз өніміндегі темірдің пайыздық құрамын арттыруда

«Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ Өнеркәсіптік кешенінің Кен дайындау және байыту цехында МГС-2.0 магниттік-гравитациялық сепараторын тәжірибелік-өнеркәсіптік сынаудың I кезеңі аяқталды. Құны шамамен 32,5 миллион теңге тұратын жабдық магнетит кендерін таңдамалап байытуға арналған. Жаңа технология темір кені концентратындағы темір құрамын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Байыту учаскесіндегі №13 технологиялық секция ресейлік компания «Энергокомплект» АҚ зауытында шығарылған МГС-2.0 магниттік-гравитациялық сепараторын сынау алаңына айналды. Байыту технологиясы жоғары магнитті ұсақ бөлшектерден тұратын минералды суспензияларды бөлуге негізделген. Бұл әлсіз магнит өрісінің және центрифугалық көтерілетін су ағынының әсерінен арнайы магниттік-гравитациялық сепараторларда болады.

МГС-2.0 сынаудың I кезеңінде темір кені концентратын өндірудің қолданыстағы технологиясымен салыстырғанда керемет көрсеткіштер алынды. Нәтижесінде технологиялық секциялардың өнімділігі артып, дымқыл қалдықтарда қалпына келтірілетін темір шығыны азаяды.

Темір кенін магниттік-гравитациялық байытуды қолдану байыту учаскесінде концентрат өндірісінің технологиялық сызбасын жаңартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Құрамында 66 пайызға дейін темір болуы тиіс концентраттың сапасына тұтынушылардың қолданыстағы талаптарын ескере отырып, технологиялық секциялардың өнімділігін тұрақтандыру мүмкіндігі туады. Өнеркәсіптік сынақтар кезінде құрамында темір мөлшері 67-68 пайыз болатын концентраттар алынды.

МГС-2.0 сепараторының тәжірибелік-өнеркәсіптік сынағын жалғастыру туралы шешім қабылданды. Алдағы екі жылда технологияны әзірлеуші – Ресей Ғылым академиясының Кольск ғылыми орталығының тау-кен институтымен бірлесе отырып қажетті зерттеулер көлемін аяқтау жоспарланып отыр. Болашақта жаңғырту жобасы жасалады, оны технологиялық секциялардың бірін күрделі жөндеуден өткізу кезінде жүзеге асыруға болады.