
2017 жылғы 25-29 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері жұмыс сапарымен Алматы қаласындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын (ары қарай «ИТП» АЭА) аралады.
Сапар барысында «ИТП» АЭА қызметкерлері және қатысушылармен кездесіп, «Инновациялық технологиялар паркі» Автономдық кластерлік қорының атқарып жатқан жұмысын бақылап, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «ИТП» АЭА-ның 2020 жылға дейінгі даму жоспары таныстырылды.
Сондай-ақ, «ИТП» АЭА-дағы кәсіпорындардың жұмыс істеу барысын тексеру мақсатында АЭА аумағына бақылау жүргізілді. «ИТП» АЭА қатысушылары өз кезегінде «ИТП» АЭА компаниялары шығаратын өнімдерге, соның ішінде ақпараттық технологиялық бағытта жасалатын электроникаларға сұранысты қалыптастыру қажеттілігін айтты.
Анықтамалық ақпарат: «ИТП» АЭА қатысушы компаниялары қызметінің басым түрлері бойынша бүгінгі күнге дейін (2006-2016) өндірілген тауарлардың көлемі 107 млрд. теңгеден астам қаржыны құрады. Осы уақытқа дейін «ИТП» АЭА-ға салынған жекеменшік инвестиция көлемі 22,1 млрд. теңгеден асады. Компания салық және міндетті төлемдерге осы уақыт аралығына дейін жалпы жиынтығы 11,52 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсаған («ИТП» АЭА салық басқармасы берген мәлімет бойынша).
2016 жылы «ИТП» АЭА-ға қатысушы ретінде «EPAM Kazakhstan» ЖШС, «Казтелепорт» АҚ, «Күнделік» ЖШС, «Региональные платежные системы» ЖШС, «Digital Management» ЖШС секілді 23 жаңа резидент тартылды. Қатысушы 23 жаңа компания 1,2 млрд теңге инвестиция салды. Соңғы ақпаратқа сәйкес (01.05.2017) «ИТП» АЭА-ға қатысушы резиденттердің қатары 161 компанияға жеткен. Жалпы саны 3470 жұмыс орны бар.
«Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 7 ақпандағы бекітілген қаулысына сәйкес 2017 жылдың басында «ИТП» АЭА құрылысының екінші кезегі аяқталды. Осыған байланысты құрылысының екінші кезегі аяқталған «ИТП» АЭА нысандарына тексеру жұмыстары жүргізілді.
«ИТП» АЭА қатысушыларының барлық ұсыныстары Министрліктің талдауынан өтіп, қорытындысы бойынша тиісті шаралар қолданылатын болады.
