Ұзақтығы 228 шақырым болатын Құрты-Бурылбайтал учаскесін жөндеу жұмыстары басталды

Ұзақтығы 228 шақырым болатын Құрты-Бурылбайтал учаскесін жөндеу жұмыстары басталды

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру қарастырылған. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында мәлімдегендей, бірінші жартыжылдықта іске асырылып жатқан жобалар бойынша 112 млрд. теңге игерілген және бұл жобаларға 80 мың адам жұмылдырылған.

Оның айтуынша, Орталық-Оңтүстік жобасы бойынша ұзақтығы 228 шақырым болатын Құрты-Бурылбайтал учаскесін жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жобаны Дүниежүзілік және Еуропалық банктер қаржыландырады. Сонымен қатар, бюджет есебінен 3 тоқсанның соңына дейін Қарағанды қаласының Солтүстік-Шығыс айналма жолының құрылысы мен реконструкциялау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. 2018 жылы Балқаш-Бурылбайтал (297 км) учаскесінде жұмысты бастауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банк есебінен Құрты-Қапшағай (67 км), Қарағанды-Балқаш (364 км) учаскелерін 2019 жылы бастау көзделуде.

Қазіргі уақытта Орталық-Оңтүстік жобасы бойынша келесі жылы аяқталуы тиіс ұзақтығы 14 шақырым болатын Теміртау-Қарағанды учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

«Орталық-Шығыс жобасы бойынша 675 шақырым жолда жұмыс жүргізілуде. Жыл соңында Астана-Павлодар учаскесіндегі 230 шақырым жолда 4 жолақты қозғалысты ашу жоспарланған. Сондай-ақ, Семей-Қалбатау арасындағы ұзақтығы 36 шақырым болатын соңғы учаскедегі бөлікті аяқтау жоспарда бар»,-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Орталық-Батыс жобасы бойынша Астана-Қостанай және Ақтөбе-Қарабұтақ-Денисовка (114 км) учаскелеріндегі автожолды реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды. Биыл Ақтөбе-Атырау-Астрахань автожолын реконструкциялау жұмыстары басталады.

Бұдан бөлек, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл-РФ шекарасы және Орал-Каменка өтпелі жобаларындағы жұмыстар жалғасады. Бұдан бөлек, ұзақтығы 2 мың шақырым болатын Жетібай-Жаңаөзен, Талдықорған-Өскемен, Меркі-Бурылбайтал, Қалбатау-Майқапшағай, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Таскескен-Бақты, Осиновски асуы, Щучинск-Зеренді жаңа жобалары жүзеге асырылатын болады.

Жалпы жыл соңында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 1 және 2 техникалық санат бойынша 600 шақырым жолды аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Бейнеу-Ақтау және Алматы-Талдықорған автожолын реконструкциялау жұмыстары толық аяқталатын болады.

Сурет мұрағаттан алынды