
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тұрғындарды дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жайында баяндады.
Елімізде қазір 96 кәсіпорын дәрілер мен медициналық бұйымдар шығарады. Оның ішінде 33 компания дәрілік заттар, 41 кәсіпорын медициналық бұйымдар және 22 компания медициналық техника өндіреді. Отандық тауар өндірушілермен 5042 түрлі дәрі мен медициналық бұйым бойынша 88 ұзақ мерзімді шарт жасалды. Саладағы өсімге «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілер мен медициналық бұйымдарды жеткізу көлемінің артуы әсер етті.
Медициналық бетперделер өндірісі
Отандық кәсіпорындар қазір тәулігіне 900 мың бетперде шығарып жатыр. Қоймаларда 18 млн. бетперде бар. Қажет болған жағдайда отандық кәсіпорындар бетперделер өндірісін тәулігіне 1,5 млн.-ға дейін ұлғайтуға дайын.
Медициналық қолғаптар өндірісі
Қазір елімізде күн сайын 330 мың жұп қолғап шығарылады. Қоймаларда 7 миллионнан астам данасы бар. Алдағы қараша айында қуаттылығы тәулігіне 530 мыңға дейін жеткізіледі.
Қорғаныс костюмдерін өндіру
Бүгінде айына 504 мың қорғаныс костюмі шығарылады. Жыл соңына дейін олардың қуаттылығы 1 миллионға дейін жетеді.
Өкпені жасанды желдететін аппараттар өндірісі
Отандық кәсіпорындар бүгінгі таңда республика бойынша ӨЖЖ аппаратарына деген қажеттілікті толық өтеді. Барлығы 1500 данасы қажет болса, солар өндіріліп, еліміздің 17 өңіріндегі 297 ауруханаға жеткізілді.
Рентген аппараттары өндірісі
«Ақтөберентген» акционерлік қоғамымен 49 рентген аппаратын өндіру туралы келісім-шарт жасады. Алғашқы 12 аппарат 9 қазанда Ақтөбе қаласына жеткізілді. Қалған 37 аппарат 30 қазанға дейін жөнелтіледі. Оның ішінде Түркістан облысына - 3, Ақмола облысына - 2, Алматы облысына - 3, Павлодар облысына - 6, Жамбыл облысына - 4, Батыс Қазақстан облысына – 7, Қостанай облысына - 10, Ақтөбе облысына - 2 данасы жеткізіледі.
Жедел жәрдем автомобильдері өндірісі
Еліміз зауыттарында 376 жедел жәрдем көлігі шығарылды. Олардың 220-сы өңірлерге жеткізілді. Оның ішінде Алматыға - 35, Нұр-Сұлтанға – 14, Батыс Қазақстанға – 20, Ақмола облысына – 30, Солтүстік Қазақстанға – 18, Қостанайға – 2 6, Ақтөбеге – 19, Атырауға – 22, Павлодарға – 16, Маңғыстауға - 20 көлік берілді. Қазір қалған 156 көлік жеткізілуде.
Жылжымалы медициналық кешендер өндірісі
Барлығы 100 жылжымалы медициналық кешенге тапсырыс беріліп, бүгінге соның 63-і дайындалды: 45 кешен өңірлерге жөнелтілді. Қалған 18-і ертең жіберіледі. 37 кешен өндірісте және олар 23 қазанға дейін жөнелтіледі.
Жалпы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы бойынша биылғы 5 қарашаға дейін еліміздің емдеу мекемелеріне 1167 санитарлық көлік жеткізіледі.
2020 жылғы 9 айда еліміздің фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс 39,8% өсіп, 93,4 млрд. теңгені құрады.
Жалпы алғанда отандық кәсіпорындар коронавирустық инфекцияның екінші толқыны болған жағдайда қажетті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге дайын.