
Бүгін сағат 09.53-те оқу-жаттығу тапсырмасын орындап жүрген Tecnam P-2002JF әуе кемесі Азем (Алматы облысы) аэродромының бақылу нүктесінен 2 шақырым жерге құлаған. Ұшақтың тіркеу нөмірі UP-LA321, пайдаланушысы «Training center Part-FCL» ЖШС. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік оқиғалары және оқыс оқиғаларды тексеру департаментінің директоры Жәнібек Тайжановтың ақпараты бойынша, әуе кемесі ұшуды орындап болғаннан кейін құлап, жанған және толық қирап қалған. Әуе кемесінің бортында болған ұшқыш-инструктор мен курсант қайтыс болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдеде бекіткен № 828 қаулысы мен авиациялық оқиғаларды тексеру Ережесіне сәйкес, аталмыш авиациялық оқиға тексерілуі тиіс. Осыған байланысты, Tecnam P-2002JF әуе кемесі апатқа ұшыраған авиациялық оқиғаны тексеру үшін Министрлік арнайы комиссия құрды.