
EXPO-2017 Халықаралық мамандырылған көрмесі аясында Беларусия Ұлттық күнінің ашылуы болды. Іс-шарада Қазақстан тарапын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Беларусь тарапын Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Андрей Кобяков басқарды. Беларусия Ұлттық күнінің ашылуына Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев та қатысты.
А.Кобяков өз сөзінде, көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сондай-ақ, «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігін атап өтті. Ол көрмеге қонақтардың көп келуіне тілектестігін білдірді.
Өз кезегінде, Б.Сағынтаев Беларусь Республикасы Қазақстан Республикасының стратегиялық және негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтып, Беларусияның «EXPO-2017» көрмесіне қатысуы Қазақстан үшін маңызды деген пікір білдірді.
Сонымен қатар, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі сапары аясында Қазақстан-Беларусь бизнес-форумының өткізілгенін, бұл бизнес байланыс пен өзара іс-қимылдардың белсенділігіне қосымша серпін беретінін атап өтті.
«Беларусь павильоны жұмыстарының жемісті болуына, беларусь халқының өркендеуі мен гүлденуіне тілектеспін және екі елдің бұдан ары қарай да ынтымақтастығына жетістіктер тілеймін»,- деді Б.Сағынтаев.
Беларусияның Ұлттық күні мәдени бағдарламамен жалғасты.
