
2020 жылғы 25 қыркүйекте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде вице-министр А. Қ. Ержановтың төрағалығымен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен коммуналдық тұрмыстық сектор мен халықты көмірмен қамтамасыз ету бөлігінде жылыту маусымын өткізу мәселесі бойынша селекторлық кеңес өткізілді .
Көмір өндіруші компаниялар 2020 жылдың 8 айында 69 млн. тонна көмір өндірді (көмір концентратын есептемегенде), бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне сәйкес келеді.
Энергия өндіруші кәсіпорындарға 37,6 млн. тонна, өнеркәсіп кәсіпорындарына 3,8 млн. тонна, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 4,8 млн. тонна көмір жөнелтілді.
2020-2021 жылдардағы кезеңде коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтар мен халыққа арналған көмір өнімі қажеттілігінің қалыптасқан жоспарына сәйкес тұтыну көлемі шамамен 10 млн. тоннаны құрады, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға шамамен 2,8 млн. тонна, тұрғындар – 7,2 млн. тонна болады.
2020 жылғы 25 қыркүйектегі жағдай бойынша жалпы жоспарға сәйкес көмір қорымен коммуналдық-тұрмыстық сектор 76 %, тұрғындар 66 % қамтамасыз етілді.
Барлық аймақтарда көмір қоры дайындалған, көмірге тапшылық жоқ. Өңірлер көмірді жеткізуді кестеге сәйкес жеткізіп жатыр.