
Қазақстан Республикасының Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы ғылыми кадрларды даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Орталықтың осы бағыттағы қызметі туралы бас ғалым хатшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор С.В. Ефремова әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.М. Мұтановтың есептік кездесуінде айтып берді.
Қазіргі уақытта академик Әбдірәсіл Алдашұлы Жәрменов басшылық ететін Орталық ғылымды ұйымдастыруды жетілдіру және елдің ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту үшін құрылған. Орталық 20 жылдан астам уақыт бойы отандық жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып келеді. Бірлескен қызмет оқу және өндірістік тәжірибелер өткізу, кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, ұлттық орталық бағдарламалары мен жобалары шеңберінде өз зерттеулерін орындайтын магистрлер мен PhD докторларын даярлауды қамтиды.
Академик Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов басқаратын Қазақ ұлттық университеті қызметінің инновациялық сипаты аясында 2019 жылы "ҚР МШКҚӨҰО" РМК төңірегінде "Металдар мен минералдар технологиясы" кафедрасы ашылды. Орталықта 35 ғылым докторы, 66 ғылым кандидаты, 10 PhD докторы, 36 академик, 8 корреспондент-мүшесі, түрлі сыйлықтардың 57 лауреаты, оның ішінде ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған 20 адам жұмыс істейтіндігін ескере отырып, ұлттық орталықтың қажетті құзыреттері бар қызметкерлерді даярлау мүмкіндігі зор. Орталық мамандары студенттерді оқытудың барлық кезеңдерінде (бакалавриат, магистратура, докторантура) білім беру үрдісіне тікелей қатысады. Былтыр қайта ашылған кафедрада оқуды таңдаған 6 магистрант Ұлттық орталыққа оқу процесінен қол үзбей жұмысқа орналасты.
Ұлттық орталықтың ұйымдастырушылық құрылымы, аккредиттелген және аттестатталған талдау және зерттеу зертханалары, жобалау-конструкторлық бөлімдері және тәжірибелік-өнеркәсіптік полигондар мен кешендері болғандықтан кәсіпорын қызметі минералдық шикізатты қайта өңдеуге, атап айтқанда, оларды автоматтандыру мен цифрландыруды қоса алғанда, өндіру, байытудан бастап металлургиялық қайта өңдеуге дейінгі технологиялық процестерді орындауға кешенді тұрғыдан келеді. Осыған байланысты "Металдар мен минералдар технологиясы" кафедрасы университет тарапынан жалпы университеттік кафедра ретінде құрылды.
Қазіргі кезеңде химия және химиялық технология факультетімен ынтымақтастық орнатылды. Алайда, мамандар даярлаудың пәнаралық форматын ескере отырып, кафедрада география және табиғатты пайдалану, биология және биотехнология, физика-техникалық факультеттердің студенттері оқи алады. Бұл модульдік білімге байланысты, сонымен қатар факультетаралық курстарды ұйымдастыруға болады. Бұл болашақ кәсіби қызметінде көп салалы міндеттерді шешуге дайын, ой-өрісі кең мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.
Айта кететін жайт, ұлттық орталықтың еліміздің бірнеше қаласында (Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Өскемен) орналасқан 7 филиалы бар. Сондықтан студенттер үшін тұрғылықты жерлерін ескере отырып немесе өзіне қолайлы қаланы таңдап, жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндік бар.