
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрам Пшембаевтың және Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашевтың қатысуымен «Қазақстан машина жасау саласы дамуының негізгі бағыттары туралы (Қазақстан машина жасаушыларының V Форумы қарсаңында)» тақырыбына баспасөз маслихаты өтті.
Т.Нұрашевтың айтуынша, биыл жыл басынан бері машина жасау саласында айтарлықтай өсім байқалды. 2017 жылғы қаңтар-тамыз айларында машина жасаудың өндіріс көлемі 6,3%-ға өскен. «Жеңіл автомобиль өндірісі 4,7 есе, темір жол вагондар өндірісі 9 есеге, трансформатор өндірісі 2 есеге өсті»,- деп хабарлады Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары.
Брифинг барысында машина жасау саласының жетістіктері жайлы сөз болды. Осылайша, биылғы жылдың 7 айында 9678 автомобиль өндірілген. Электр жабдықтар өндірісінің көлемі 63,8 млрд. теңгеден асқан.
Темір жол машина жасау саласында қарқынды даму бар. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында сектордың НКИ-і 144,7%-ға жетіп, көлемі 31,5 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Депутаты Мейрам Пшембаев өз сөзінде 20-21 қыркүйекте Астана қаласында әлемнің 40 елінен 800 делегат қатысатын Қазақстан машина жасаушыларының V Форумы өтетіні жайлы айтты. Биылғы форумның тақырыбы - «Қазақстанның жаңа индустрияландырылуы: жоғары технологиялы машина жасау».
Форум – машина жасау саласының даму бағыттарының келешегі мен көкейтесті мәселелері бойынша пікір алмасатын әсерлі диалог алаңы болмақ.
Биыл Форумды жаңа форматта өткізу жоспарлануда. Салааралық өндірістердің машина жасау технологиялары, электрондық-оптикалық машина жасау және 4.0. Индустриясы сияқты секциялар болады.