Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың
кейбір мәселелері туралы
Серпінді өңдеуші кәсіпорындарға 3%-дан аспайтын мөлшерлемемен қолжетімді кредит беруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамының базасында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғам (бұдан әрі - Қор) атауын өзгерту жолымен, Қор қызметінің ағымдағы түрлерін кеңейту және оларға лизингтік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қаржыландыруды қоса алғанда, заңды тұлғаларға кредит беру құралдарын енгізу арқылы өнеркәсіпті дамыту қоры құрылсын.
- Қорды қорландыру мынадай көздер:
республикалық бюджетте бекітілген сомалар шегінде республикалық бюджет қаражаты;
өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері шеңберінде жиналатын қаражат есебінен;
Қордың коммерциялық және меншікті қаражаты;
өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылсын.
- Қор қызметі шеңберінде өнеркәсіпті қаржылық қолдау тетігі индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның келісімімен Қордың ішкі актілермен бекітілсін.
- Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қаржы және ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, Қорға аудару үшін индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның бюджеті шегінде республикалық бюджеттің игерілмеген/пайдаланылмаған қаражаты есебінен Қорды қорландыру тетігін әзірлесін.
- Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
- Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Р. В. Склярға жүктелсін.
- Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
|
А. Мамин
|