GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Басқарма туралы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Все материалы
20 октября 2026
Бала құқығы – жауапкершіліктің ең биік өлшемі

Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік. Қызметтік міндетті адал атқару, заң талаптарын бұлжытпай орындау, азаматтардың өтінішіне бейжай қарамау – мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімімен қатар адамгершілік ұстанымын да айқындайтын басты өлшемдер. Ал әңгіме бала құқығы мен оның қауіпсіздігі туралы болғанда, бұл жауапкершіліктің жүгі одан сайын арта түседі. Себебі бала өз құқығын әрдайым өзі қорғай алмайды. Оның қауіпсіздігі мен заңды мүддесін қорғау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.

Елімізде баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған құқықтық тетік қалыптасқан. Баланың өмір сүруге, білім алуға, денсаулығын сақтауға, қауіпсіз ортада тәрбиеленуге, өз пікірін еркін білдіруге және қадір-қасиетінің қорғалуына құқығы заңмен қамтамасыз етіледі. Алайда кез келген құқықтың нақты өмірде жүзеге асуы тек заңның болуына емес, сол заң талаптарын орындауға жауапты мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың кәсібилігіне, адалдығына және азамат алдындағы жауапкершілігіне де байланысты.

Бұл ретте бала құқығын қорғауды тек белгілі бір мекеменің міндеті деп қарауға болмайды. Баланың мәселесі көбіне білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, полиция, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының құзыретімен қатар жүреді. Сондықтан мұндай жағдайларда әр мемлекеттік орган өз міндетін жеке орындап қана қоймай, ортақ нәтижеге жұмыс істеуі қажет. Негізгі мақсат – мәселені бір мекемеден екіншісіне жолдаумен шектелмей, баланың қауіпсіздігі мен мүддесін қамтамасыз ететін нақты шешімге қол жеткізу.

Мемлекеттік қызметшінің адалдығы да осындай сәттерде сыналады. Біле білсек, адалдық тек сыбайлас жемқорлықтан бойды аулақ ұстаумен шектелмейді. Ол әрбір өтінішке әділ қараудан, мәселені жасырып қалмаудан, жауапкершілікті басқаға ысыра салмаудан, қабылданған шешімнің салдарын түсінуден көрінеді. Әсіресе балаға қатысты зорлық-зомбылық, буллинг, отбасындағы қолайсыз жағдай немесе оның заңды мүддесінің бұзылғаны туралы ақпарат түскенде мәселеге атүсті қарау үлкен қателік болмақ. Өйткені әр өтініштің ар жағында нақты баланың, адамның тағдыры тұр.

Баланың қауіпсіздігі, ар-намысы мен қадір-қасиеті, білім алуы, денсаулығы және өз пікірін білдіру мүмкіндігі – адам құқықтарының ажырамас бөлігі. Демек баланың құқығын қорғау дегеніміз оның бүгінгі қауіпсіздігін ғана қамтамасыз ету емес, толыққанды тұлға болып қалыптасуына қажетті жағдай жасау деген сөз.

Жаңа Конституцияда да адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Бұл қағида мемлекеттік институттардың күнделікті қызметінен нақты көрініс табуға тиіс. Яғни конституциялық нормалар тек құқықтық құжаттағы тұжырым болып қалмай, азаматтың мемлекеттік органға жүгінген кезінде, медициналық көмек алған сәтінде, білім беру жүйесімен байланысында немесе сот арқылы өз құқығын қорғауға ұмтылған кезінде сезілуі керек.

Бала мәселесінде бұл талаптың маңызы тіпті жоғары. Өйткені бала мемлекеттік жүйемен өз бетінше толыққанды байланыс орната алмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан оның атынан сөйлейтін, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және заңды мүддесін қорғайтын ересектер мен мемлекеттік институттардың жауапкершілігі артады.

Қазіргі кезде бала құқығына төнетін қауіптердің сипаты да өзгеріп келеді. Бұрын қауіпсіздік мәселесі көбіне мектептегі немесе отбасындағы жағдаймен байланысты қаралса, бүгінде цифрлық ортадағы қатерлер де бейқам жүруге болмайтынын ескерте бастады. Кибербуллинг, дербес деректердің таралуы, онлайн қысым көрсету, кемсіту және өзге де цифрлық қауіптер балалардың психологиялық ахуалы мен қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.

Мұндайда мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімі мен адамға деген жауапкершілігі қатар жүреді. Кей жағдайда бір ғана өтініштің артында жүйелі мәселе тұруы мүмкін. Мәселен, баланың мектептегі қауіпсіздігіне қатысты шағым оның жеке мәселесі болып көрінгенімен, оны қарау барысында басқа балаларға да қатысты тәуекелдер анықталуы ықтимал. Мұндай жағдайда мемлекеттік органның міндеті – бір өтінішке жауап беріп қана қоймай, мәселенің себебін анықтап, оның қайталануына жол бермеу.

Балаларға қатысты шешім қабылдағанда олардың мүддесі бірінші кезекте ескерілуі керек. Сонымен бірге баланың жеке өміріне қатысты мәліметтердің құпиялылығын сақтау, оның абыройы мен қадір-қасиетін қорғау да мемлекеттік қызметшінің кәсіби этикасының маңызды бөлігі. Қандай да бір оқиғаға байланысты баланың аты-жөнін немесе жеке жағдайын орынсыз жариялау оның құқығына екінші рет зиян келтіруі мүмкін.

Ата-аналармен және қоғаммен ашық әрі түсінікті байланыс орнату да маңызды. Азамат мемлекеттік органға өтініш жасаған кезде оның мәселесі қаралғанын ғана емес, қандай шешім қабылданғанын және оның не себепті қабылданғанын түсінуі керек. Мұндай ашықтық мемлекеттік институттарға деген сенімді күшейтеді.

Бала құқығын қорғауда қоғамның да рөлі ерекше. Мұғалім, дәрігер, полиция қызметкері, әлеуметтік қызметкер, мемлекеттік орган маманы немесе кез келген азамат баланың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайды байқаса, оған бейжай қарамауы керек. Кейде дер кезінде айтылған бір ауыз сөз немесе тиісті органға уақытында берілген ақпарат үлкен мәселенің алдын алуы мүмкін.

Мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысындағы әрбір құжаттың, өтініштің және шешімнің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпау қажет. Ал балаға қатысты мәселенің жауапкершілігі одан да жоғары. Өйткені бүгін қорғалған баланың құқығы – ертең қалыптасатын азаматтың тағдыры.

Адал мемлекеттік қызметші заңды орындаумен ғана шектелмейді. Ол әділетсіздікке бейжай қарамайды, мәселенің мәніне үңіледі, баланың үнін естуге тырысады және оның заңды мүддесін қорғауға күш салады. Сондықтан бала құқығын қорғау – белгілі бір мекеменің ғана міндеті емес, мемлекеттік қызметтің адамға бағытталғанын көрсететін маңызды өлшем.

Балаға жасалған қамқорлықтың нәтижесі бір күнде көрінбеуі мүмкін. Бірақ оның қауіпсіздігіне, біліміне, денсаулығына және құқықтарының сақталуына бүгін жасалған әрбір қадам қоғамның ертеңіне тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, бала құқығын қорғау – заң талабы ғана емес, мемлекет пен қоғамның болашақ алдындағы ортақ жауапкершілігі.

 

15 октября 2026
«БАЛАҒА ЖАҚЫН ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ ОРАЛ ҚАЛАСЫНДА ӨТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Орал қаласында «Буллингтің алдын алу: мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен іс-қимылы» тақырыбында республикалық тәжірибе алмасу семинары өтті.

Маңызды шараға Жамбыл облысынан «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, Аналар кеңесінің төрағасы Мүбарак Жинақбаева, республикалық Дүнгендер этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрағасы Сара Даузова және Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Иниятқызы Мырза-Ғали қатысты.

Семинар барысында Эльмира Иниятқызы спикер ретінде сөз сөйлеп, Жамбыл облысында жүзеге асырыла бастаған «Балаға жақын қоғам» жобасын таныстырды. Ол балалардың құқықтарын қорғау, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу және қиын жағдайға тап болған балаларға дер кезінде көмек көрсету бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Аталған жоба 2026 жылғы 4 қыркүйекте Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі арасында жасалған меморандум аясында қолға алынған. Бастама мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың күшін біріктіріп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың мәселелерін ерте кезеңде анықтауға бағытталған.

Жобаның негізгі ұстанымы – «Ескерту – анықтау – қорғау». Осы мақсатта қыркүйек айында өңірдің 10 ауданында аудандық Аналар алқасының мүшелерімен және белсенді ата-аналармен кездесулер өткізіліп, буллингтің алдын алу, баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқау және оған дұрыс қолдау көрсету мәселелері түсіндірілді.

Эльмира Иниятқызы өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғау тек мемлекеттік органдардың немесе білім беру ұйымдарының міндеті емес екенін атап өтті. Бұл бағытта отбасы мен қоғамның да жауапкершілігі жоғары. Осыған байланысты жоба аясында Аналар алқасының әлеуетін пайдалану, ата-аналардың хабардарлығын арттыру және қиын жағдайға тап болған балаларды тиісті мамандарға бағыттау жұмыстарына басымдық берілмек.

Жамбыл облысының бұл тәжірибесін республика көлемінде тарату көзделіп отыр. Осы арқылы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы тиімді тәсілдерді кеңінен қолдануға, ведомствоаралық байланысты нығайтуға және әрбір баланың қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік туады.

12 октября 2026
«Балаға жақын қоғам» жобасы аясында маңызды мәселелер талқыланды

 Мойынқұм ауданында «Балаға жақын қоғам» жобасы аясында бала құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасы мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған кездесу өтті.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Тулеулиев, Жамбыл облысы әкімдігі балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» КММ-ның бөлім басшысы Ережепова Айжан Рысбекқызы, ауданның білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков, Отбасын қолдау орталығының директоры Әбдіғали Әбдіразахов, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар және педагог-психологтар қатысты.

Жиында бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, психологиялық қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар сөз болды.

Сондай-ақ ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылармен жұмысты жандандыру, мектеп пен ата-ана арасындағы өзара байланысты нығайту және балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

12 октября 2026
БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Қордай ауданында «Балаға жақын қоғам» буллингке қарсы жобасы аясында балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз ортаны қалыптастыру мәселелеріне арналған кездесу өтті.

Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, мектеп директорлары мен педагогтер, мобильдік топ мүшелері, ата-аналар және бейінді қызмет мамандары қатысты. Кездесуді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл жүргізді.

Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали, Қордай ауданының білім бөлімінің сектор меңгерушісі Қуанышбек Нұрғалиев және Облыстық психологиялық қолдау орталығының психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Айжан Ережепова өз бағыттары бойынша ақпарат берді.

Кездесу барысында буллингтің алдын алу және бала қауіпсіздігіне арналған бейнеролик көрсетіліп, қиын жағдайға тап болған балаларға дер кезінде психологиялық көмек көрсетудің маңыздылығы атап өтілді.

Бала қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Мектеп баланың мінез-құлқындағы өзгерісті байқаса, ата-ана оның жан дүниесіне көңіл бөліп, мамандар қажетті көмек көрсетіп, мемлекеттік органдар құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді.

12 октября 2026
БАЛАҒА ЖАҚЫН ҚОҒАМ

Қайрат ауылдық мәдениет үйінде «Балаға жақын қоғам» буллингке қарсы жобасы аясында балалардың құқықтарын қорғау және заңды мүдделерін сақтау мәселелеріне арналған кездесу өтті. Жиынға Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Садыққызы Ахметова модераторлық етті. Кездесуге Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Аққу Қаратайқызы, құқық қорғау органдарының, білім беру және психологиялық қолдау саласының мамандары, ата-аналар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу және балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру. Жиынды ашқан Анар Ахметова бала қауіпсіздігі – ата-ана, мектеп, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

Кездесу барысында балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар туралы Эльмира Мырза-Ғали баяндама жасады. Ал Аққу Қаратайқызы қоғамдағы өзара құрмет пен түсіністіктің, балаларға қолайлы психологиялық орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Жуалы аудандық полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ержан Саурыков буллингтің алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың жолын кесу және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ кездесуде балалардың қауіпсіздігі мен буллингтің алдын алу бойынша бейнеролик көрсетіліп, психологиялық-педагогикалық қолдаудың маңыздылығы түсіндірілді. Бұл бағытта облыстық психологиялық қолдау орталығының психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Айжан Ережепова ақпарат берді.

Жиында ата-аналарға баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару, интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және буллинг белгілері байқалған жағдайда тиісті мамандардың көмегіне жүгіну қажеттігі айтылды. Кездесу соңында бала құқығын қорғау – қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілді. Ата-ана, мектеп және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырудың маңызды тетігі екені айтылды.

12 октября 2026
БАЛА ҚҰҚЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Меркі ауылындағы «Үміт сарайында» «Балаға жақын қоғам» буллингке қарсы жобасы аясында балалардың құқықтарын қорғау және заңды мүдделерін сақтау мәселелеріне арналған кездесу өтті. Жиынға ауданның мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері, мектеп директорларының тәрбие және құқық жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар мен сала мамандары қатысты. Кездесуді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірханұлы жүргізді. Кездесуде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы негізгі міндеттер, буллингтің алдын алу, жасөспірімдердің құқықтық қауіпсіздігі және балаға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері қозғалды. Жамбыл облысы әкімдігінің Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарға тоқталса, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Аққу Қаратаева бала тәрбиесіндегі өзара сыйластық пен қоғамдық ортаның маңызы туралы ой бөлісті. Меркі аудандық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Гүлзағира Килебаева жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, буллингке жол бермеу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты Облыстық психологиялық қолдау орталығының психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Айжан Ережепова буллингке тап болған немесе психологиялық қиындықты бастан өткеріп жүрген балаларға дер кезінде қолдау көрсетудің маңызын түсіндірді. Кездесу барысында буллингтің алдын алуға және балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыруға арналған бейнеролик көрсетілді. Бала құқығын қорғау бір ғана мекеменің міндеті емес. Бұл бағытта ата-ана, мектеп, мемлекеттік органдар мен қоғамның бір-бірімен байланыста жұмыс істеуі маңызды. Баланың өз мәселесін ашық айта алуы, өзін қауіпсіз сезінуі және қажет кезде дер кезінде көмек алуы – осы жұмыстың негізгі нәтижесі болуы тиіс.

12 октября 2026
«БАЛАҒА ЖАҚЫН ҚОҒАМ»: БУЛЛИНГКЕ ҚАРСЫ КҮРЕСТЕ АТА-АНАНЫҢ РӨЛІ МАҢЫЗДЫ

№7 орта мектепте «Балаға жақын қоғам» буллингке қарсы жобасы аясында ата-аналармен кездесу өтті.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов жүргізіп, кездесудің негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллингтің алдын алу және ата-ана, мектеп пен тиісті органдар арасындағы өзара байланысты күшейту екенін атап өтті.

Кездесуге Жамбыл облысы әкімдігінің балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты облыстық психологиялық қолдау орталығының Психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Айжан Ережепова, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Аққу Қаратаева қатысты.

Жиын барысында мамандар бала құқығын қорғау, буллингтің алдын алу, балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге дер кезінде қолдау көрсету мәселелері бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі ювеналды полиция тобының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы Дәурен Абдуалы балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және ювеналды полицияның атқаратын жұмысы туралы ақпарат берді.

Буллинг – балалар арасындағы қарапайым келіспеушілік емес. Оның бала психологиясына, оқуына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан оның алдын алу тек мектептің немесе полицияның міндеті емес. Бұл ретте ата-ананың баламен ашық сөйлесуі, оның көңіл-күйіндегі өзгерістерге назар аударуы және мәселеге бейжай қарамауы маңызды.

12 октября 2026
“БАЛАҒА ЖАҚЫН ҚОҒАМ” ЖОБАСЫ АЯСЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Айша бибі ауылында «Балаға жақын қоғам» буллингке қарсы жобасы аясында ата-аналармен және сала мамандарымен маңызды кездесу өтті. Шараның негізгі мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, өскелең ұрпақ арасындағы буллинг пен зорлық-зомбылықтың, құқық бұзушылықтардың алдын алу және отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Басқосуға Жамбыл облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова, Жамбыл облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Аққу Қаратаева, Облыстық психологиялық қолдау орталығының психологы Айжан Ережепова, Жамбыл аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Мадияр Дүзелбаев, сондай-ақ аудандық ардагерлер мен аналар кеңесінің мүшелері, ата-аналар комитеттерінің төрағалары, мектеп директорлары, құқық ісі жөніндегі орынбасарлар, полиция өкілдері және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия мүшелері қатысты. Жиында бала үшін қауіпсіз білім беру және әлеуметтік ортаны қалыптастыру, буллинг пен кибербуллинг белгілерін ерте анықтау, дер кезінде психологиялық қолдау көрсету, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ мектеп, полиция және қоғам арасындағы тығыз байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Кездесу соңында қатысушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды және арнайы психологиялық тренингтерге қатысты.

12 октября 2026
ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

Жамбыл облысы әкімдігінің балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Иниятқызы Мырза-Ғали жұмыс барысымен Сарысу аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығына барып, мекеменің қызметімен танысты.

Орталықта қазіргі таңда 30 балаға әлеуметтік оңалту қызметтері көрсетілуде. Балалар жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес әлеуметтік-медициналық, психологиялық, педагогикалық және басқа да бағыттар бойынша қажетті көмектермен қамтылған. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі мен қолжетімді ортада болуына қажетті жағдайлар жасалған.

Кездесу барысында орталықтың материалдық-техникалық базасы және алдағы даму жоспарлары талқыланды. Атап айтқанда, балалардың дене шынықтыру, мәдени-дамытушылық және сенсорлық түзету сабақтарын өткізуге арналған қосымша кабинеттер мен арнайы жабдықталған орындарға қажеттілік бар екені айтылды.

Орталықтың жұмысын одан әрі жетілдіру және қызмет алушыларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы мәселелер назарға алынды.

07 сентября 2026
Азаматтарды жеке қабылдау

Жамбыл облысы әкімдігінің балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Иниятқызы Мырза-Ғали 2026 жылдың 10 қыркүйегінде сағат 11.30-дан 13.00 дейін азаматтарды жеке сұрақтармен қабылдайды.

Жеке қабылдау Тараз қаласы, Қарахан көшесі, №1 мекен-жайда өтеді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы