
2019 жылғы 22 сәуірде Атырау облысы бойынша экология департаментінің ұйымдастыруымен табиғат пайдаланушылардың және жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қатысуымен «Өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелде қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттары атап өтіліп, оларды жүзеге асыру жөнiндегi нақты шаралар алу керектігі басты назарда болды.
Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2013 жылғы 30 мамырдағы №577 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасында және «Қазақстан жолы – 2050 бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында елдің дамуындағы негізгі тапсырмаларды және одан шығу жолдарын анықтады.Тұжырымдама мен Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру болып табылады.
Тұжырымдамамен қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға 40%-ға дейін, 2050 жылға 50%-ға дейін жеткізуді қарастыратын нысаналы индикаторлар анықталды.
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 301-бабының 1 тармағына сәйкес сұйық қалдықтар, полигон жағдайында жарылатын, коррозиялы, қышқылданатын, өрт қаупі жоғары немесе өрт қаупі бар қауіпті қалдықтар, сумен реакцияға түсетін қалдықтар, медициналық немесе ветеринариялық мекемелердің жұқпалы болып табылатын қалдықтары, рекультивациялау кезiнде тұрақтандырушы материал ретiнде қолданылуын қоспағанда, пайдаланылған тұтастай шиналар және олардың бөліктері, жойылмайтын органикалық ластаушыларды қамтитын қалдықтар, пестицидтер, қабылдау критерийлерін қанағаттандырмайтын қалдықтар, пластмасса, пластика, полиэтилен қалдықтары және полиэтилентерефталат орамасы, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар лампалар мен аспаптар, шыны сынықтары, түсті және қара металдар сынықтары, литий, қорғасын-қышқыл батареялары, электрондық және электр жабдықтары полигондарда көму үшін қабылдауға тыйым салынады.
Осыған орай, дөңгелек үстелге қатысушыларға Кодекстің көрсетілген талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді, сондай-ақ меншігіндегі полигондарды заңдастыру бағытында жұмыстар жүргізуге яғни қалдықтарды қоршаған ортада орналастыру үшін экологиялық рұсат алу, қалдықтарды орналастыру нормативтерінің жобасын әзірлеу және мониторинг пен бақылау жүргізу үшін тарату қорын құру туралы түсіндірілді.
Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысушылардың қалдықтармен жұмыс істеу бағытында туындаған сұрақтарына жауаптар беріліп, көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланды.