Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары/Әдеп жөніндегі уәкіл Ермек Умаров Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, экология департаменті қызметкерлерінің арасындағы экология саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларды сақтауы бойынша кеңес өткізді.
Кеңес барысында лауазымдық міндеттерді тиісінше орындауды қамтамасыз ету, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" ҚР заңдарын және "ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін" сақтау, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық бақылау және мемлекеттік қызметтер саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты мәселелер қаралды.
Ермек Умаров атап өткендей, Экология министрлігі сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады, осыған байланысты барлық ұжымды сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимылға тарту қажет.
Кеңес қорытындысы бойынша келесі тапсырмалар берілді:
- Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімінің созылуына жол бермеу және Мемлекеттік қызметтерді кедергісіз көрсетуді қамтамасыз ету;
- ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы және ҚР Мемлекеттік қызметі туралы заңдардың, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Комитеттің стандартының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау, өзінің қарамағындағы қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті тұрақты негізде қалыптастыру;
- мүдделер қақтығысын болдырмауды қамтамасыз ету;
- мемлекеттік экологиялық бақылаудың жүзеге асырылуын және мемлекеттік қызмет көрсетілуін бақылауды қамтамасыз ету.
Ермек Умаров мемлекеттік қызметшілер жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін нығайтуы тиіс екенін атап өтіп, қызметкерлерді қызметтік міндеттер мен іс-әрекеттерді орындаудың ашықтығын, адалдығы мен құзыреттілігін арттыруға шақырды.