Қарағанды облысы бойынша экология департаменті "АрселорМиттал Темиртау" АҚ көмір департаменттерін, атап айтқанда, Ленин, Костенко және Саран шахталарын тексерді.
Компания өңірдегі атмосфералық ауаның ластануының негізгі ошағы болып табылады.
Тексеру барысында кәсіпорынның көмір департаменттері мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының талаптарын орындамаумен, шаң-газ тазалау жабдықтарын пайдалану ережелерін бұзумен, өндірістік экологиялық бақылау жүргізу және бағдарламаны орындау жөніндегі талаптарды бұзумен байланысты бірқатар бұзушылықтарға жол бергені анықталды, сондай-ақ тазарту құрылғыларын пайдалану қағидаларын бұзушылықтар тіркелді.
Сондай-ақ, қазандық цехының қолданыстағы шаң-газ тазалау жабдығы моральдық және физикалық тұрғыдан ескіргені, едәуір тозғаны, өзінің пайдалану ресурсын игергені анықталды. Батареялық циклондардың барлық циклондық элементтерін толық ауыстырумен күрделі жөндеу жүргізілген жоқ, қазіргі заманғы және тиімділігі жоғары қондырғыларда шаң-газ тазалау жабдығы жаңғыртылмаған және ауыстырылмаған деп айтуға болады.
Нәтижесінде Ленин мен Костенко шахталарына қатысты жалпы сомасы 4 млн теңгеден асатын айыппұл түрінде әкімшілік ықпал ету шараларын қолданды.
Саран шахтасына қатысты 2024 жылғы қарашаның соңына дейін шахта суларының тазарту құрылғыларын жаңғыртуды жүргізуге нұсқама берілді.
Экология департаменті компания қызметін жеке бақылауда ұстайды.