Сейілтілген қож бен кен тасымалдайтын вагондардың рельстен шыққан жеріндегі Ертіс өзені суы сынамасының химиялық талдау нәтижелері

Сейілтілген қож бен кен тасымалдайтын вагондардың рельстен шыққан жеріндегі Ертіс өзені суы сынамасының химиялық талдау нәтижелері
Аталған факті бойынша ШҚО экология департаментінің мамандары оқиға орнында, сондай-ақ Ертіс өзенінің жоғары ағысы (500 м) бойынша және төмен ағысы (200 м және 500 м) бойынша су сынамаларын алды.
 
Нәтижелерге сәйкес су сынамасында мырыштың шекті рұқсат етілген шоғырлануының 1,3 есе артқаны анықталды. Сондай-ақ осы сынамада және төменгі ағыс бойынша іріктеп алынған сынамада жоғары ағыс бойынша іріктеп алынған сынамамен салыстырғанда тиісінше 1,5 және 1,3 есе мыс концентрациясының жоғарылауы байқалады. Басқа компоненттер бойынша асып кету анықталған жоқ.
 
Су объектісіне әсерді одан әрі бағалау мақсатында, экология департаменті «Қазгидромет» РМК ШҚО бойынша филиалымен бірлесіп апта сайын Ертіс өзенінің жер үсті суларының жай-күйіне мониторинг жүргізетін болады.
 
Шығыс Қазақстан облысы бойынша көлік прокуратурасының талабы бойынша «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ - «Семей бөлімшесі ЖТ» қатысты жоспардан тыс экологиялық тексеру тағайындалды. Тексеру нәтижелері бойынша апаттың салдарын жою жөніндегі іс-шаралар белгіленетін болады.
 
2022 жылдың 3 сәуірінде Өскемен-Кумыстау теміржол көпірінде сейілтілген қож бен кен тасымалдайтын 18 вагон рельстен шығып кеткенін естеріңізге сала кетейік. Апат салдарынан Ертіс өзеніне 2 вагон кен мен 4 вагон мыс өндірісі қожы аударылып кеткен болатын.
 
Жұмыс нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.