Сырдария өзенінің суын сақтау

Сырдария өзенінің суын сақтау

Қоршаған ортаны қорғау және Сырдария бассейніндегі су сапасы жөніндегі қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Бұл жолы «Сырдария өзенінің суын сақтау» тақырыбы қаузалды. Екінші комиссия биыл Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылды.

Қазақстандық делегацияны ҚР ЭГТР Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфухар Жолдасов басқарды. Ал өзбек делегациясын Өзбекстан Республикасы Экология және қоршаған ортаны қорғау бойынша мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Ұқтам Утаев бастап келді.

Екі күн бойы тараптар судың сапасын бақылау нәтижелерін талқылап қана қоймай, бір-біріне Сырдария өзенінің ластануының негізгі көздерін ұсынды. Бір жыл бойы біздің мамандар Ташкентке сапар шексе, өзбектер Шымкентте өлшеулер жүргізіп, Комиссияға қатысушы елдердің жұмыс әдістерін, жабдықтары мен зертханаларын тексерді. Сонымен қатар шекарада қосымша 4 жаңа бақылау бекеті құрылды. Бұл алғашқы қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының нәтижелері бойынша қол жеткізілген мақсаттар мен міндеттер.

Осы жылы Қазақстан мен Өзбекстан бірқатар тұжырымдамалық міндеттерді шешудің ортақ тәсілдері туралы келісті. Сонымен бірге Комиссия мүшелері 28 затты бірлесе бақылап отырамыз деп келісті. Сонымен қатар ластану көздерін қосымша зерттеп, халықаралық ұйымдардың (БҰҰ Даму бағдарламасы, ЕҚЫҰ, Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығы және тағы басқалары) қатысуымен жобаларды бірлесіп бастамақ.

Енді бір маңызды жайт! Енді Сырдарияны сақтауға Тәжікстан мен Қырғызстанды тарту жоспарлануда. Қатысушылар барлық шаралар кешені Орталық Азияның өмірлік артериясы болып табылатын Сырдария өзенінің биологиялық әртүрлілігін сақтауға көмектеседі деп сенеді.