МЕМЛЕКЕТТIК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САРАПТАМАНЫҢ САРАПШЫЛЫҚ КЕҢЕСIНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ

МЕМЛЕКЕТТIК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САРАПТАМАНЫҢ САРАПШЫЛЫҚ КЕҢЕСIНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ

Ағымдағы жылдың 16-шы наурызында Қызылорда облысы бойынша экология департаменті жанынан құрылған мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңесі отырысымен «Кольжан» ЖШС-нің (әрі қарай – ЖШС) 2018-2020 жылдарға арналған Батыс Тұзкөл кең орнынан ластаушы заттар төгінділерінің рұқсат етілген шекті нормативтері жобасы қаралды.

Кеңес отырысы барысында ЖШС өкілі өздерінің дайындаған жобалары туралы қысқаша ақпарат берді.

2018 жылы Батыс Тұзкөл кен орнында тұрмыстық ағынды суларды және ауысым лагерінің өндірістік сарқынды суларын биологиялық тазарту үшін тәулігіне 400 м3 болатын табиғи аэрациямен биотоғанды қосу жоспарлануда. Биотоған алаңы Батыс Тұзкөл кен орнының батысында 600 м  дейінгі қашықтықта орналасқан. Биотоғанның ауданы 10 гектар. Жер учаскесінің көлемі 250х400 м. Батыс Тұзкөл кен орнында ағынды суларды тазарту үшін табиғи аэрациялы үш сатылы биотоғандар қарастырылған.

Кеңес мүшелері тарапынан ластаушы заттар төгінділерінің рұқсат етілген концентрациясын есептеу  СРЕШТ = Снақтыформуласымен есептелгені анықталды.

16.04.2012 ж. №110-ө Қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін айқындау әдістемесінің (әрі қарай – Әдістеме) 62 тармағына сәйкес, аталған формуламен егер сарқынды сулардың ақырғы су қабылдағышы ретінде жабық типті жинақтауыш болған жағдайда, яғни суаруға арналған ашық су алу болмағанда немесе жинақтауыш сарқындарының бір бөлігінің төгінділерін өзендерге немесе басқа табиғат объектілеріне тастау жүзеге асырылмағанда, рұқсат етілген шоғырлануының есебі жүргізіледі.

Алайда, жинақталған -биотоғандардың үшінші кезеңі - тазартылған сарқынды сулардың шоғырлануы және жинақталу зонасы болғандықтан, жинақтау тоғанында балдырлар биомассасының  тұндырылуы және жойылуы байқалады. Сонымен қатар, жинақтау тоғаны сәуір мен қазан айларының жылы мезгілінде тазартылған суды суландыруға жұмсалатын жинақтаушы-реттеуші су қоймасы болып табылады.

Әдістеменің 60 тармағына сәйкес, жинақтауыштарға сарқынды суларды төгу кезіндегі ластаушы заттардың жол берілетін шоғырлануларының есебі мына формула бойынша есептеледі: СРЕШТ = Са + (СРЕШШ – Са) х Ка.

Жинақтауыш сарқындарының бір бөлігін өзендерге немесе суаруға бұрған жағдайда СРЕШШ ретінде сәйкесінше балық шаруашылығы су пайдаланудың рұқсат етілген шекті шоғырланулары (РЕШШбал) және суару суы сапасының нормалары (РЕШШсуғару) алынады (Әдістеменің 61 тармағы).

Осыған сәйкес, сарапшылық кеңес мүшелерімен РЕШТ есебінің нақтылығын анықтау үшін жинақтаушы қоймаға баратын ағынды сулардың ластаушы заттар төгінділерінің есебін тиісті формуламен есептеу ұсынылды.

Кеңеске  «Сыр табиғаты» облыстық қоғамдық-экологиялық газетінің, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасының, Қызылорда аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының, ТОО «Казэкосистемс», ТОО «АртНефтьСтройПроект», ТОО «Кольжан» өкілдері және Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің мамандары қатысты.