
Ағымдағы жылғы бірінші шілдеде Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекс күшіне енді. Оны әзірлеу барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жұртшылықпен және бизнес-қоғамдастықпен ауқымды талқылау жүргізді, өңірлерге 20-дан астам сапар жасалды. Осының барлығы ЭЫДҰ-ға мүше елдердің тәсілдеріне сәйкес жаңа құжат қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Жаңа Экокодекс қоршаған ортаға теріс әсер етуді болдырмау үшін алдын алу шараларын қабылдауға бағытталған. Оның тиімді құралдарының бірі ең озық қолжетімді технологияларды (бұдан әрі - ОҚТ) енгізу болады.
Жұмыс істеп тұрған аса ірі ластағыштар үшін бұл көшу экологиялық тиімділік бағдарламасына сәйкес 10 жыл ішінде кезең-кезеңмен жүргізілетін болады. Экокодекс жобасында сондай-ақ деректерді уәкілетті органға бере отырып, бірінші санаттағы объектілер үшін өндірістік экологиялық мониторингті міндетті автоматтандыру, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері (ҚОӘБ) және т. б. көзделген.
Экологиялық кодекстің жаңа түрі "ластаушы төлейді" қағидатын көздейді. Жаңартылған заң жобасына сәйкес өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін санкцияларды қатаңдату жоспарлануда.
Кодекстің басты міндеттері қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдылықты нығайту, сондай-ақ халықаралық тәжірибе мен елдің техникалық және экономикалық мүмкіндіктері негізінде экологиялық реттеудің прогрессивті тетіктерін енгізу болып табылатынын атап өту маңызды.