
Алматы облысындағы кезекті брифингте өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді шешу барысындағы Жол картасын орындаудың барлық он пункті қарастырылды.
Тұрғын үй алаптарын кезең-кезеңімен газ отынына көшіру талқылаудың негізгі мәселесі болды. 2021 жылы 30 Блокты-модульді қазандықтың құрылысы жоспарлануда.
2018 жылдан бастап көп пәтерлі тұрғын үйлерді орталық жылуға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Бүгінгі таңда 129 көппәтерлі тұрғын үйдің 21 Блокты-модульді қазандығы пайдалануға беріліп, тағы 14 қазандықтың құрылысы аяқталу сатысында.
Мемлекеттік органдар мен мүдделі тұлғалар өкілдері қатарындағы қатысушылардың пікірінше, БМК құру және газбен жылытуға көшу Жетісу өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
2020 жылы екі қазандық табиғи газға ауыстырылды. Нәтижесінде шығарындылар азайды.
Жақын арада Талдықорған қаласындағы екі қазандық қосымша ауыстырылатын болады. Бұл, ең алдымен, атмосфераға шығарындыларды азайтып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартады және отын сатып алуға жұмсалатын шығындарды едәуір қысқартады.
Жол картасына сәйкес, жергілікті мемлекеттік органдардың жоспарында 108 көппәтерлі тұрғын үйде 30 Блокты-модульді қазандық орнату, тұрғындардың атмосфералық ауаның жағдайы туралы ақпаратқа онлайн-қол жеткізуі үшін Талдықорған қаласының LED – экрандарында "AirKZ" мобильді қосымшасынан деректерді ретрансляциялау, жылына кемінде 50 мың бірлік жасыл желек отырғызу бар.
Сонымен қатар, Ескелді ауданы мен Қапшағай қаласындағы кәріз жүйелерін, кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және салу басталады.