
Естеріңізге сала кетсек, Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғындары "Парижская коммуна XXI" ЖШС-гі мал шаруашылығы кәсіпорнының қызметіне қатысты аймақтың экология департаментіне шағымданған болатын. Тұрғындар жердің ластануы мен жағымсыз иіске шағымданды.
Жоспардан тыс тексеру барысында қазылған траншеяларда биологиялық және құрылыс қалдықтарын араластыра отырып, ішінара көму мен орналастыру деректері анықталды. Қалдықтарды орналастыру алаңы 5,6 га құрады, бұл ретте кәсіпорынның экологиялық жобасында жануарлардың қалдықтарын қайта өңдеу көзделген.
Сонымен қатар, жобалық құжаттамамен қарастырылған ағынды суларды тазалауға арналған құрылғы жоқ болып шықты.
Ағынды лас сулар Байбақты өзенінің арнасына тазартусыз жүзеге асырылған. Топырақ сынамаларының химиялық талдауы 26 мың м2 көлемдегі алаңда ластаушы заттар астам концентрациясының артуын көрсетті.
Кәсіпорын өз қызметі барысында, 40 мың бас шошқаға арналған мал шаруашылығы кешенінде 51 мыңнан астам бас шошқа малын ұстағандығы анықталды.
Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылыққа жол бергені үшін серіктестікке жалпы сомасы 7 млрд.27 млн. 500 мың теңгеге қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы Нұсқама берілді және 13 әкімшілік айыппұл салынып, тексеріске қатысты сұратылған мәліметтерді ұсынбағаны үшін кедергі келтіру дерегі бойынша 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа жолданды.
Мұндай үлкен көлемдегі айыппұл нормадан тыс және рұқсатсыз шығарындылармен, төгінділермен және Байбақты өзенінің арнасы аймағына қоршаған ортаны ластаған қалдықтарды көмумен түсіндіріледі.
Серіктестік аталған залалды бір ай ішінде өтеуге міндетті. Нұсқама алған күннен бастап ерікті түрде өтелмеген жағдайда, материалдар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жолданатын болады.
Бүгінгі күні "Парижская коммуна-XXI" ЖШС-нің шаруашылық қызметін тоқтату туралы, сондай-ақ мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы мен қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатын қайтарып алу туралы сот органдарына 3 талап арыз берілді.
Жоспардан тыс тексерудің барлық әкімшілік құжаттары"Парижская коммуна-XXI" ЖШС-мен сот тәртібімен әртүрлі сатыдағы соттарда (аппеляциялық алқа, облыстың әкімшілік және экономикалық соттары) қаралуда.
Бұзушылықтарды жою, қоршаған ортаны қалпына келтіру және экологиялық талаптарға сәйкес келтіру жөніндегі нұсқамалар департаменттің қатаң бақылауында.