
Бүгін, оңтүстік астанада Министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасовтың экобелсенділермен және мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесуі барысында қаланың экологиялық проблемаларын шешу мәселелері талқыланды.
Іс-шараға "Самұрық-Энерго" АҚ, "ҚазТрансГазАймақ" РМК, "Қазгидромет" РМК, Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасы, облыстың Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті, ҚР ИИДМ Көлік комитетінің өкілдері және т.б. қатысты.
Төраға Алматы қаласының экологиялық жағдайын тиімді жақсартудың қолданыстағы тетіктерін белгілеп, барлық проблемалық мәселелер бойынша егжей-тегжейлі түсіндірді.
Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің деңгейінде қабылданған Алматы қаласының экологиясын жақсарту жөніндегі Жол картасында 20 іс-шара қарастырылған. Олардың қатарында ЖЭО-ын газға ауыстыру, жеке секторды газдандыру, автокөлікті табиғи газға ауыстыру, көгалдандыру және т.б. бар.
"Алматы маңындағы тұрғын үйлердің 50%-ы жылыту үшін көмірді пайдаланады. Сондықтан, әкімдіктер мен Энергетика министрлігі осы аудандарды газдандыру бойынша шаралар қабылдауда. ЖЭО жұмысының және жеке сектордың көмірді жағуының әсерінен 2019 жылы қала атмосферасына шығарындылар 144 мың тоннаны құрады. Біз бұл көрсеткішті 4 жылдың ішінде 79 мың тоннаға дейін азайтуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, Алматы қ. жоғары ластану индексінен орташа көрсеткішке ауысады" - деп, Комитет басшысы атап өтті.
Сонымен қатар, ол осы Жол картасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына үйлерді газбен қамтамасыз етуге қолдау көрсету жоспарланып отырғанын атап өтті.
Қатықушылар төрағаның Жол картасының орындалу барысы және жалпы қала атмосферасының жағдайы туралы сұрақтарына жауап берді.
Мәселен, бүгінде Энергетика министрлігі "Самұрық-Энерго" компаниясымен бірлесіп, энергетикалық нарық арқылы ЖЭО-ны газға ауыстыру жобасын қаржыландыру мәселесін қарастыруда.
"Құрылыс кестесі қаржыландыруға тікелей байланысты. Сонымен қатар, сыртқы газдандыру тарифі халық үшін жоғары болмауы тиіс. Тарифтердің өсуіне жол бермеу үшін біз, республикалық және қалалық бюджеттерден қаржыландыруды сұрадық. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы ЖЭО-2-нің табиғи газға көшуі шығарындыларды 83% - ға, яғни 37-ден 6 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді", - деп, "Самұрық-Энерго" өндіру және активтерді басқару жөніндегі Басқарушы директор – Серік Тютебаев атап өтті.
Экологиялық жағдайды шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская егжей-тегжейлі баяндады.
"Қазіргі уақытта Алматы қаласында 250 мың жасыл желек отырғызылуда, ал 2022 жылға қарай шамамен 1 млн. ағаш отырғызылатын болады. Уәкілетті органдар мегаполисті көгалдандыруға байыпты қарайды - әр ағаштың міндетті параметрлері болады: биіктігі кемінде 2 м және сау тамыр жүйесінің болуы", - деп, Н. Ливинская атап өтті.
"Қазгидромет" РМК бас директоры Данара Әлімбаева атап өткендей, 2021 жылы қала аумағында атмосфералық ауаның жағдайын бақылайтын 41 датчик орнатылатын болады.
Бұдан басқа, мобильді зертхана іске қосылатын болады, 10 экологиялық бекетті жаңғырту және жаңа 9 бекетті құрастыру күтілуде. Автокөліктің экологиялық таза отын түрлеріне біртіндеп көшуі көзделген.
Бұл бағыттағы ең тиімді қадамдардың бірі – жергілікті тұрғындар үшін "электромобильдерге арналған тұрақ" белгісі бар тегін тұрақ орындарын бөлу болады.
Жалпы, Жол картасының барлық іс-шаралары Алматы қаласының ауа сапасын жақсартуға және оның жай-күйін бақылауды күшейтуге бағытталған.
"Жұртшылықты оның орындалу барысы туралы хабардар ету маңызды деп санаймыз. Біздің кездесуіміздің мақсаты да – осы" – деп, Комитет басшысы қорытындылады.