БҚО-да картоптың жиын-терімі ойдағыдай жүргізілуде

БҚО-да картоптың жиын-терімі ойдағыдай жүргізілуде

"Август" шаруа қожалығы – өңірдегі картоп өсіретін ірі шаруашылықтардың бірі. Биыл қожалық 300 гектар жерге картоптың төрт түрлі сортын отырғызды.

"Август" шаруа қожалығы картоп өсіруді 2003 жылы бастады, осы аралықта біраз тәжірибе жинақтап үлгерді. Сапалы тұқым, агротехникалық ережелерді бұлжытпай сақтау, өнікті еңбек ету тұрақты түрде өнім алуға мүмкіндік берді.

Шаруа қожалығының жетекшісі С.Четвертаковтың айтуынша, бір гектардан орташа 150 центнер өнім жинаса, өткен жылы 300 центнерге дейін өнім алған.

- Биыл ауа райының қолайсыздығы – аптап ыстық пен қатты жел әсер етті ме, картоп шығымы ойдағыдай болмай тұр. Жазғы құрғақшылық көкөніс плантацияларын түгелімен жойып жіберетінін білесіздер, – дейді Сергей Четвертаков.

Шаруа қожалығында жылма-жыл ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып тұрады, барлық үдеріс автоматтандырылған. Жұмысшылар конвейер алдындағы ангарда картопты сұрыптап, тұқымдыққа, саттыққа және жарамсызын бөлек шығарып жатыр. Одан әрі конвейерде оны қапшықтарға салып, ауыр жүк көліктеріне тиейді. Негізінен өнімді Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарына жөнелтеді, ал қалғаны жергілікті базарларда саттыққа шығарылады.

Бұл жерде 16 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілсе, 20 адам жиын-терім кезінде жұмысқа тартылады. Мемлекеттік қолдау ретінде қожалық биыл гербицидтерге және суғару техникаларына субсидия алды.

Жиын-теріммен қатар шаруа қожалығы жиналған өнімді және тұқымды сақтауға орын әзірлеуде, яғни бір жерүсті және төрт жерасты көкөніс сақтау қоймалары дайын.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 4,1 мың гектар аумаққа картоп отырғызылған.

– Қазіргі таңда отырғызылған 4081 гектар картоптың 490 гектары жиналып алынған. Картоптың жиын-терімі Тасқала, Теректі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында жүргізілуде, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Тельжан Исмағұлов.

 

zhaikpress.kz