Облыс әкімі Ғали Есқалиев күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы талкылау жөнінде жиналыс өткізді

Облыс әкімі Ғали Есқалиев күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы талкылау жөнінде жиналыс өткізді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен онлайн жиналыста облыстағы өндірістік және әлеуметтік нысандардың күзгі-қысқы маусымға әзірлік барысы тыңдалып талқыланды.

Жиын барысында облыс әкімі Ғ.Есқалиев жағдайды тұрақтандыру мақсатында өңірді электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін өндірушінің кіріс есебінен болашақта тарифті ауыздықтауға мүмкіндік беретін үшжылдық бағдарламаны зерттеп дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ бұл салаға жеке инвестиция тартудың механизмдерін қарастыруды ұсынды. Облыста әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің, коммуналдық жүйелердің жылыту маусымына әзірлігі қалыпты жүргізілуде. Әлеуметтік нысандарды отынмен қамту үшін 758 мың тонна қатты отын және 20 тонна сұйық отын әкелінді. Отынды тасымалдау кестеге сәйкес қалыпты жүруде. «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамы жылу жүйелері мен тораптарға жөндеу, қайта құру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде 5,2 шақырымның 2,6 шақырымы жөнделді, 22 қазанның 16-сы жұмысқа әзір. Әлеуметтік нысандар мен көппәтерлік үйлердің жылумен қамту желілері де жөндеуден өтуде.

Бүгінгі таңда облыстағы денсаулық сақтау нысанының 87 пайызы, білім беру нысанының 53 пайызы, мәдениет нысанының 64 пайызы және көппәтерлі тұрғын үйлердің 34 пайызы жылыту маусымына дайын тұр. Қыркүйекке дейін жоспарланған жұмыстардың бәрі де аяқталуға тиіс.

Облыс әкімі қазіргі кезде кәріз желісін қайта құру бойынша бес ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Бүгінгі күні қысымы күшті д-500 кәріздік коллекторды қайта құру аяқталды. Сол сияқты Орал қаласындағы айналма кәріздік коллекторды, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде үшінші жіберу кешенін, Сарытау күре жолы бойындағы Д1000 мм кәріздік қысым коллекторын, Сарайшық көшесінен Неусыпов көшесіне дейінгі кәріздік коллекторды, 19А кәріздік сорғы стансасын және КНС 19А дан КОС қабылдау камерасына дейінгі су бұру желісін қайта құру жұмыстары атқарылуда.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов жылу қуат орталығының жабдықтаушылар алдындағы қарызы қордаланып қалғанын мәлім етті.

- «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының «Казтрансгазаймақ» компаниясына бережағы 934 млн теңге құрайды. Ал тұрғындардың қарызы 422,5 млн теңге. «Батыс су арнасы» ЖШС өздерінің қаржысы есебінен 3,6 шақырым су жүргізетін желілерді және 146 шақырым кәріздік желілерді жөндеді. Қалған жөндеу жұмыстары жылыту маусымы басталғанша аяқталады, - деді ол.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан орындарға назар аудару қажеттігіне, құбыр төселгеннен кейін мердігердің жолды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге тиіс екеніне тоқталды.

Жылыту масымына әзірлік шеңберінде «ЗапКазРЭК» АҚ ұзындығы 2,5 шақырым болатын электр желісіне күрделі жөндеуді жоспарлап, күні бүгін 1000 шақырымы жөндеуден өткізілді.

Сондай-ақ 134 трансформаторлық кіші стансаларға жөндеу жүргізілген. Аталған мекеменің дебиторлық қарызы 705 млн теңгені құраса, кредиторлық қарызы 792 млн теңге мөлшерінде.

Жиында осы мекеменің директоры Жақып Хайрушев қазір бөлектеу, бөлшектеу және бағаналарды ауыстыру жұмыстарының облыс орталығы мен аудандарда жүргізіліп жатқанын, әрбір ауданға жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5 млн қаржы жұмсалатынын, мұның өзі қазіргі кезеңде қаржы жағынан елеулі қиындық көріп отырған кәсіпорынға ауыр тиетінін баян етті. «Батыс Энергоресурсы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де күрделі жағдай қалыптасқан. Серіктестік елеулі шығындарға шыдап отыр және тариф бағасын көтеруді сұрайды. Биылғы індетке байланысты көптеген заңды тұлға жұмыс істей алмады, осыған орай жоғары тариф бойынша төлемдер төмендеген. «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ның бас директоры Дина Галиметденова өз сөзінде жабдықтаушы, жеткізушілерге қарыздарының көп екендігін мәлімдеді. Мәселен, олар «Батыс Пауер» АҚ-ға 500 млн, сондай-ақ «ЗапКазРЭК» АҚ-ға 540 млн теңгеге жуық бережақ.

- Біз монополияға қарсы комитетке тариф құнын көбейту жөнінде өтініш бердік, қоғамдық тыңдаулар өткіздік. Өкініштісі сол, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үлкен түсінік жұмыстары жүргізілсе де, тұрғындар қалыптасқан жағдайға сенімсіздікпен қарайды. Тұтастай алғанда, бүгінгі күні тұрғындардан қарыз жоқ, тұтынушылардың 98 пайызы пайдаланған электр энергиясына қаржысын төледі. Коммуналдық қызметтерге байланысты аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан 15000 теңге төленіп, мұның өзі үлкен көмек болды. Бағбандар серіктестігінің 9 млн теңге бережағы болса, бюджеттік ұйымдардың да электр энергиясына төлейтін қарызы бар, - деді ол өз сөзінде.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев электр энергиясымен қамтуда күрделі жағдай қалыптасып отырғанын, сондықтан бұл арада тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйін есепке алу қажеттігін атап көрсетті.

- Егер тариф көтерілгенде, тұрмысына елеулі шығын келтіретін санаттағы адамдар болса, онда сол санаттағылар үшін тариф көтерілгенін cезінбейтіндей етіп, бюджет есебінен субсидиялаудың механизмін қарастыру қажет, - деп түйіндеді ол.

 

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz