БҚО-да голландтық технологиялармен жұмыс істейтін жылыжай кешені іске қосылмақ

БҚО-да голландтық технологиялармен жұмыс істейтін жылыжай кешені іске қосылмақ

Батыс Қазақстан облысында ішкі нарықты маусымаралық ерте пісетін көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде жалпы ауданы 70,9 мың шаршы метрлік 96 жылыжай бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Нұргүл Мұқанованың мәліметінше, биыл олардан бірінші дақыл айналымында 397 тонна көкөніс өнімдері алынған. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарын маусымаралық кезеңде жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін өндірістік жылыжай кешендерін салу жұмыстары жүргізілуде.

Батыс Қазақстан облысының инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі 2018 жылғы 19 қазандағы өңірлік кеңестің отырысы аясында «Қызанақ пен қияр өсіру бойынша жылыжай кешенінің құрылысы» жобасы («World  Green Company» ЖШС) қолдау тапқан болатын. БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы инвестициялар бөлімінің басшысы Илияс Калитовтың айтуынша, аталмыш жобаны жүзеге асыру мақсатында Бәйтерек ауданынан 12 гектар жер учаскесі бөлінген. Жобаның құны 14 млрд. теңге құрайды. Қуаты жылына 8 мың тонна болып келеді. Жобаны іске асыру ауқымында нысан құрылысы кезеңінде 150 адам жұмысқа тартылған. Ал нысан пайдалануға берілгеннен кейін 200 тұрақты жұмыс орны құрылмақ.

– Бүгінгі күні облыстық бюджет комиссиясы «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ауқымында жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу құралы бойынша газдандыру, сумен жабдықтау (техникалық су) және кәріз жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 75,7 млн. теңгенің қолдауын көрсетті. Сондай-ақ ҚР Инвестициялар комитеті мен «World Green Company» ЖШС арасында құрылыс материалдары мен жабдықтарының импортына кедендік баж салығынан босату бойынша инвестициялық келісімшарт жасалды. Жобаны іске қосу 2021 жылдың басында жоспарланып отыр, – дейді Илияс Ибатұлы.

Аталған ЖШС директоры Мұрат Ибрагимов өз сөзінде әйнекпен жабылған жылыжай салынып жатқандығын тілге тиек етті. Серіктестік қияр мен қызанақ өндірмек. Жылыжай кешені голландиялық технологиялар бойынша жұмыс істеп, қияр мен қызанақ өсіруде голландтық құрылғылар пайдаланады. Кешен ішіндегі температура түгелдей компьютердің бақылауында болады. – Қияр мен қызанақ өсірілгенде олардың тамыры топырақта емес, минералды немесе органикалық субстратта орналасады да, минералды тыңайтқыштардың судағы немесе дымқыл ауадағы ертіндісімен шыланып отырады. Бұйыртса, кешен пайдалануға беріліп, іске қосылғасын жылына 4,5 тонна қияр, 3,5 тонна қызанақ өндіру жоспарымызда бар. Жылыжай кешенін биыл жыл соңында бітіреміз, – деді ол.

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz