БҚО-да волонтерлер 100 аз қамтылған отбасына су өткізіп бермек

БҚО-да волонтерлер 100 аз қамтылған отбасына су өткізіп бермек

Батысқазақстандық волонтерлер 100 аз қамтылған отбасына су өткізіп беруді көздейтін жобаны жүзеге асыруға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған «Қазақ-вайнах достығы» клубының мүшелері ауыл мен қаладағы қамқорлыққа мұқтаж жандарға нақты көмек беруді қолға алған. Олар алдымен демеуші тауып, кейін жергілікті басқару ұйымдарымен келіссөз жүргізеді. Кейін жиналған қаржыға мұқтаж отбасына құдық соғып немесе орталықтандырылған желіден су тартып береді.

Бүгінге дейін волонтерлер ауыл мен қаладағы осындай он шақты отбасына көмек көрсетіпті. Болашақта олар Бәйтерек, Тасқала және Шыңғырлау аудандарындағы жанұяларға көмек қолын созбақ ниетте.

Айта кету керек, қайырымдылыққа бағытталған жоба белсенді жастар мен кәсіпкерлер және шаруа қожалықтарының басшылары тарапынан қолдау тапқан. 

Алина Неғметоллина, қала тұрғыны:

– Осында тұрып жатқанымызға 15 жылдай болып қалды. Мен осында кішкентай кезімнен бері тұрып жатырмын, содан бері осында су өткізілген емес. Бұрын біз суды алыстан тасып жүрдік. Осы жылы волонтерлер су өткізіп берді, қазір су үйде, бәрі жақсы.

Әсет Сұлтанұлы, волонтер:

– Бізде шарттар бар, ол отбасыларға мүгедектер, мұқтаж жандар, көп балалы отбасылар кіреді. Қаланың өзінде 3 отбасына өткізгенбіз. Соның бірі осы отбасы болды, көп балалы ана. Мақсатымыз – Батыс Қазақстан облысының барлық 12 ауданын айналып шығу. 100 құдық, жүз отбасыны қамтимыз.