Оралда спорт күніне арналған мерекелік шара өтті

Оралда спорт күніне арналған мерекелік шара өтті

Бүгін Орал қаласындағы «Ақжайық» футбол клубының стадионында Спорт күніне арналған салтанатты шара өтті.
Салтанатты рәсімге спорт саласының ардагерлері, спорттық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері, спортшылар, жаттықтырушылар, өңірлік спорт федерацияларының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сахна төріне көтерілген Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев барша спортшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хат табыстады.
- Спорттың адамзат өмірінде алар орны ерекше. Ұлтымыздың, өскелең ұрпақтың сау-саламатты болуы алғашқы кезекте спортқа, дене тәрбиесіне, адамның ішкі рухына байланысты. Сондықтан баршаңызды бүгінгі Спорт күні мерекесімен құттықтаймын.
Қазақстандық спортшылар халықаралық спорт сахнасында талай жетістіктерге жетіп, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүр. Әрине бұл орайда батысқазақстандық спортшылардың да үлесі көп.
Бүгінде біз мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға ерекше мән беріп келеміз. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубында спортшылар 18 спорт түрі бойынша жаттығады. Олар 12 паролимпиадалық спорт түрі болса, 6 сурдолимпиадалық спорт түрлері. Барлығы 16 жаттықтырушы 200-ден астам спортшыны жаттықтыруда. Олардың ішінде халықаралық дәрежедегі 5 спортшы, 8 спорт шебері, 18 спорт шеберлігіне үміткер спортшы бар, - деді өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы.
Өңір басшысы Ғ.Есқалиев өз құттықтауында еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшылардың есімдерін мақтанышпен атады.
Одан соң спорт саласының майталмандарына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің және БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаттары табысталды.
Алғыс хаттарды табыстау рәсімін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров жүргізді.
Спорт күні мерекесіне қатысушыларға арнап жас әнші Азат Қабиев «Қазақстан» әнін тарту етіп, сазды сәлем жолдады.
Айта кету керек, Спорт күні мерекесінде бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де марапатқа ие болды.

Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz