
Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал бойынша және аймақтағы коронавирустық инфекциямен күрес бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.
Атап айтқанда, облыс әкімі қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды сақтауда аймақ тұрғындарының жауапкершілігі артқандығын хабарлады. Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңыраулар саны азайып, ауруханаларда жатқан науқастардың саны 65%-ды құрап отырғаны туралы айтты.
Сондай-ақ, облыс ауруханалары қажетті дәрі-дәрмектермен, арнайы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгені туралы және осы жұмыстарға өңір меценаттары мен аймақ тұрғындары белсенді түрде атсалысқанын жеткізді.
Президент жағдайды қатаң бақылауда ұстауды және тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырып, карантиндік шаралардың сақталуы маңызды екенін атап өтті.