
Қатемен жұмыс. Оралдағы канализация құбырларын жаңғыртуды осылай атауға болатын шығар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өйткені шаһардағы кәріз коллекторы 2009 жылы ауыстырылған еді. Сол кезде шенеуніктер алдағы жарты ғасырда қалада кәрізге қатысты проблема болмайды деген. Алайда коллектор 10 жылға жетпей жарыла бастады. Қаланы сумен қамтуда іркілістер орын алды. Мамандар әйнек пластик тұрбалардың шайынды суларға шыдамайтынын айтады. Жедел түрде республикалық бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, биыл коллекторды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. 3 жобаның екеуі жыл соңына дейін аяқталады. Ал Шолохов көшесінен тазалау қондырғысына дейінгі 16 шақырымдай аралық 2022 жылы тапсырылмақ.
Дархан Еркінұлы, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
– Әйнек пластик материалы қазір полиэтиленге ауыстырылып жатыр. Полиэтилен материалдарының пайдаланылу ұзақтығы 45 жылға деп есептеліп тұр. КНС-29 98% жұмыстар бітті. Ал КНС-19 атап өткендей, ауыспалы объект үш жылға. Ал Шолохов көшесінде ауыстырылып жатырған үшінші қосу кешені 7 ай. Бірақ қалада ауыз су мәселесі туындап отыр. Сол себепті реконструкциялау жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр.