БҚО әкімі Ғали Есқалиев азаматтарды онлайн түрде қабылдауды жалғастыруда

БҚО әкімі Ғали Есқалиев азаматтарды онлайн түрде қабылдауды жалғастыруда

Облыс әкімінің тұрғындарды қабылдауы бейне байланыс форматында өтті. Аталған формат карантин режимінің талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді.
Онлайн қабылдауға Орал қаласы мен аудан әкімдері, сондай-ақ аймақтық департаменттер мен басқарма басшылары тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға онлайн түрде жауап берді.
Қабылдау барысында алдын ала жазылған тұрғындар баспана, құқықтық мәселелер және жерге қатысты міселелерді көтерді. Өтініш білдірушілердің арасында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған азаматтар да болды.
Сондай-ақ, қабылдауға Орал қаласына көшіп келіп, «қандас» мәртебесін алғысы келетін азаматтың тұрғын үй мәселесі көтерілді.
Облыс әкімі ең алдымен «қандас» мәртебесін алу керек екенін атап өтті. Содан кейін әлеуметтік категорияға сәйкес баспанаға кезекке тұруға мүмкіндік алатынын айтты.
Ниет білдірген азаматқа барлық заңды процедураларды өткізуге көмектесуді және тиісті кеңес беруге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысына жүктеді.
Сонымен қатар, онлайн қабылдауда мүмкіндігі шектеулі сәбиді асырап отырған отбасы баспана алуға қалай өтініш білдіру керектігін сұрады.
Кездесуге қосылған азамат «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» есепшоты бар екенін айтты. Облыс әкімі тұрғын үйдің 10% бастапқы жарнасымен «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспана алуға мүмкіндіктері бар екенін айта кетті. Сондай-ақ, егер сома тым жоғары болып шықса, әкімдік алғашқы төлемнің жартысын төлей алатынын жеткізді.
Облыс әкімі тұрғынға қандай құжаттар жинау керектігі бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалының басшысы орынбасарына консультативтік көмек көрсетуді тапсырды.
Сондай-ақ, «САИ-Center» қоғамдық қорының құрылтайшылары мен «Ведрух» эко-поселкесінің тұрғындары арасындағы дау мәселесі де қозғалды.
Бәйтерек ауданының Макарово ауылында орналасқан «Ведрух» эко-поселкесінің тұрғындары құрылтайшылар су беруді тоқтату кесірінен ауылшаруашылық өнім көлемі төмендегенің айтты.
Аймақ басшысы Бәйтерек ауданы әкіміне ауыл тұрғындарының мәселесін қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұл жағдайда тараптар үшін ең жақсы шешім - келісімге келу. Егер консенсус болмаса, онда шешім сотпен қабылдануы керектігін тілге тиек етті. Сумен жабдықтау мәселесі қоғамдық қор құрылтайшыларымен бірге шешілу керектігін айтты.
Облыс әкімі әр мәселені түбегейлі қарастырып, қала мен басқарма басшылығына заңнамаға және қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес өтініш білдірушілерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Облыс әкімімен онлайн кездесуге ниет білдірген тұрғындар +7 (7112) 24-20-36 (қабылдауға жазылуы уақыты 15:00-ден 18:00-ге дейін) телефонына қоңырау шалу арқылы алыдн ала жазыла алады.