Ресейлік дәрігерлер Батыс Қазақстанға келді

Ресейлік дәрігерлер Батыс Қазақстанға келді

Ресейлік дәрігерлер өңірімізге көмекке келді. Алдымен елордамыз Нұрсұлтан қаласында болып, ахуалмен танысқан мамандар өңірлерге де көмектесуді жөн санапты.

Ақ Жайық өңіріне атбасын бұрған бес дәрігердің екеуі анестезиолог, ревматолог, екеуі инфекционист, ал біреуі эпидемиолог. Олар инфекциялық емдеу мекемесіне, облыстық және қалалық көпбейінді ауруханаларға бөлінген.

«Айдың аяғына дейін оралдық дәрігерлерге жәрдем береміз, қажет болса, одан әрі де қалуға әзірміз» дейді ресейліктер.

 - Бізде күні бүгін аурудың таралуы тежелді. Қазіргі сіздегідей жағдай Мәскеу облысында сәл ертерек, көктемнің аяғында болды. Пневмония да, коронавирус та. Аурудан айтарлықтай айырмашылық көріп тұрған жоқпыз. Біз екі аптаға деп келіп едік. Іссапарды бір айға ұзартты. Қажет болса, одан әрі де қаламыз. Қанша керек болса, сонша көмектесеміз, - дейді ресейлік дәрігерлер тобының жетекшісі Павел Гусев.

- Әрине, көмегі тиіп жатыр, кеңес беріп жатыр. Солармен ақылдасып, қалай жұмысты бұдан да жақсы жасауға тырысып жатырмыз. Бізге дәрігерлер жетпей жатыр ғой. Көбісі үлкен кісілер, арасында жастар бар, тәжірибесі жоқ мамандар да бар. Қазір өзіміз пандемия басталғасын оқып, қалай ем жасау керек, емдеу протоколын жаттап алып, солармен науқастарға көмек көрсетіп жатырмыз, - дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Арман Байдеуов.

Айта кету керек, дәл қазір оттегі баллондарына сұраныс өте жоғары. Күн сайынғы науқастар санының өзгеруіне сай сұраныс та күн сайын өзгеріп отыр. Бүгін таңғы мәлімет бойынша, облыста оттегі баллондары жеткілікті.

zhaikpress.kz