Облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірге дәрі-дәрмектерді жеткізетін ірі компания өкілдерімен кездесті

Облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірге дәрі-дәрмектерді жеткізетін ірі компания өкілдерімен кездесті

Кездесу барысында дәрі-дәрмектерді жеткізетін компания өкілдері науқастарға дәрі-дәрмек тағайындау кезінде дефицит дәрілердің аналогтарын тағайындамайтыны туралы сөз қозғады.

Сонымен қатар, соңғы екі апта ішінде бірқатар дәрілерге сұраныстың төмендегені туралы айтып өтті.
- Дәрігерлер дәріханалар мен қоймаларда бар аналогтарды тағайындамайды. Облыс тұрғындары, сәйкесінше, құрамы мен әсері бірдей дәрі-дәрмектерді ұсынған кезде дәріхана сатушыларына сенбейді, - дейді «Талап» АҚ өкілі.

Аймақ басшысы өңіріміздің дәрігерлеріне құрамы бірдей дәрілік заттар бойынша білікті фармацевттер қажетті кеңес беретіндігін жеткізді.
Сондай-ақ, «Талап» АҚ өкілі көп мөлшерде дәрі-дәрмек әкелуге қауіптенетіндерін айтты.
- Бүгін біз сұраныстың төмендегенін көріп отырмыз. Жасыратыны жоқ, көптеген адамдар дәрілерді болашақта қажет болады деген оймен сатып алып қолдан ажиотаж туғызды. Тұрғындар қажетті мөлшерде дәрілерді алып болған соң дәріханалардағы кезектер де азайып келеді, - дейді компания өкілдері.

Облыс әкімі компания өкілдеріне аймақты дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін күш салуға және дәрілерді көп көлемде сатып алуға қорықпауға шақырды. Облыс аумағында парацетамол сияқты дәрі-дәрмектер тез таусылатының айта кетіп, өңірді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін жұмыла жұмыс істеу керектігін жеткізді.
- Облыс тұрғындары үшін дәрі-дәрмектердің қала мен аудандардағы дәріханаларда болуы маңызды. Егер әкелінген сұранысқа ие дәрі-дәрмектер сатылмай қалса, біз өтпей қалған қалдықтарды сатып алуға дайынбыз, - деді Ғали Есқалиев.

Облыс әкімі өңірге дәрілік заттарды үздіксіз жеткізіп отыру үшін дәрі өндірушілер мен дилерлердің тізімін беруді тапсырды.
Кездесу соңында «Талап» АҚ өкілдері жақын арада ацетилсалицил қышқылы және парацетамол сияқты дәрі-дәрмектердің үлкен партиясын әкелуді жоспарлап отырғанын айтты.
Ғали Есқалиев ең алдымен, облыс аудандарын қамтамасыз ету қажеттілігіне баса назар аударуды тапсырды.

Бүгінде stopcovid.kz сайтында дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің қалдығы туралы мәліметтер күнделікті жаңартылып отырады.
- Барлық дәріханалардағы дәрілік заттар тізімін жаңартып отыру өте маңызды. Облыс тұрғындары дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бар екендігі туралы ақпаратты көріп отыруы тиіс, - деді облыс әкімі.