
Орал арнаулы әлеуметтік қызмету көрсету орталығында соңғы аптада қайтыс болған адамдар саны артқаны рас. Бірақ бәрінің өлімі коронавирус індетінің жаппай таралуынан болып жатырған жоқ.
Мекеме ішіндегі дүрбелеңге қатысты БАҚ бетінде көтерілген мәселелер бойынша аталған орталық директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Қаршыға Нұрмашев осылай деп жауап берді. Оның айтуынша, коронавирус індетінің алдын алу мақсатында бірнеше мәрте күшейтілген карантин режімі кезінде арнаулы орталықта қызмет атқару оңай емес. Сол себепті мекемеде қызмет ететін егде медицина мамандарының бірқатары өз еркімен жұмыстан босаған.
– Шілденің 13-19-ы күндері 18 қамқорланушы қайтыс болды. Олардың көбі – кәрілік қаусатқан кісілер. Медициналық зерттеу науқастарды созылмалы аурулары өлімге душар етіп жатқанын айғақтайды. Кей кезде осылай табиғи түрде өлім-жітім көбейетін кезі болады. Қайтыс болған адамдардың мүрдесін алып кетуге жерлеу ісіне жауапты мекемелер үлгере алмай жатыр. Құжаттарын рәсімдеу де уақыт талап етеді. Орал арнаулы әлеуметтік қызмету көрсету орталығында 489 адамға қамқор болудамыз. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмек жеткілікті, қызметкерлер қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген. Қаладағы № 4 емхана дәрігерлері мен эпидемиологтары келіп көмектесуде. Орталықтың бас дәрігері өткен аптада өз еркімен өтініш жазып, жұмыс орнын босатты. Оның орнына дүйсенбіде басқа маманды қызметке қабылдаймыз. Мекеме аумағында карантин жарияланды. Ауысыммен қызмет ететін адамдарды орналастыру, үстеме еңбекақысын есептеу, жатын орнын дайындау қамымен бас көтеруге мұршамыз келмей жатыр, – деді Қаршыға Жолдасқалиұлы.
Орталықтағы аға медбикенің міндетін атқарушы Майра Жадитованың айтуынша, бүгінге дейін «қарттар үйінің» екі тұрғыны коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның біреуі – зейнет жасындағы адам індет салдарынан көз жұмған. Бір науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр.
«Мекеме қамқорлығына алынғандар арасында тұмау ауруына шалдыққандар бары белгілі болса, емделушіні бірден оқшаулап, «Жедел жәрдем» көлігін шақырамыз. Орталықта медицина мамандары жетпей жатыр. Әр корпусқа екі маманнан керек. Өз еркімен жұмыс орнынан кеткен екі дәрігердің жағдайын түсінуге болады. Олардың көбі – зейнеткерлер. Денсаулығын ойлауы тиіс қой. Дұрыс шешім қабылдады. «Олар бізді қиын жағдайда қалдырды» деп кінә артпаймыз. Сәуір айында орталық ғимараты карантинге жабылғанда, ұжым мен қамқорланушылардың бәрінен сынама алынды. Ол кезде ПТР-тест теріс нәтиже көрсетті. Жақын күндері тағы да ПТР-тест арқылы қамқорланушылардың денсаулық жағдайын тексереміз», – деді Майра Жадитова.
Нұртай ТЕКЕБАЙ
zhaikpress.kz