Жаңақала ауданы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 6 жоба жүзеге асырылуда

Жаңақала ауданы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 6 жоба жүзеге асырылуда


Жобалардың жалпы құны 1,89 млрд. теңге құрады. Мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындысы бойынша 189,4 млн.теңге үнемделді.
Сонымен қатар, облыс әкімі Ғали Есқалиевтың Жаңақала ауданына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес 5 жобаны оңтайландыру жүргізілді. Оңтайландыру барысында 65,5 млн. теңгенің жұмыстары қайта қаралып, 34 млн. теңге бюджетке кейін қайтарылатын болады. Қалған сомасы жобалау барысында ескерілмей қалған бірқатар жұмыс түрлеріне қайта есептелінеді.
Мердігерлер мен тапсырыс берушілер арасындағы келісім шарттарға сәйкес 228 адам, соның ішінде 115 адам Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылды.
Ауданда ЖҚЖК аясында Қызылоба және Қырқопа ауылдарындағы су құбырларын қайта құру, Жаңажол ауылында 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы жұмыстары жүргізілуде. Пятимар, Жаңақазан ауылдарындағы орта мектептер және Жаңақала аудан орталығындағы спорт мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары өтуде. Жұмыс барысын құрылыс нысандарында орналасқан техникалық қадағалаушылар мұқият қарап отырады.
Айта кету керек, мердігерлер негізгі құрылыс материалдарын: кірпіш, құбырлар, темір-бетон бұйымдары, профлист, цемент және т.б. отандық өндірушілерден сатып алады.