Бүгінгі күннің батырлары марапатталды

Бүгінгі күннің батырлары марапатталды

«Сіздер аман болсаңыз, жұрт аман болады»
   
      Бүгін Салтанат сарайында Елорда күніне орай алдыңғы шепте жүрген бірнеше дәрігер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Салтанатты шараға келген облыс әкімі Ғали Есқалиев азаматтардың денсаулығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген ақ қалатты абзал жандарға шынайы ризашылығын білдірді.
    – Елімізде індетпен күрес жалғасуда. Осындай қиын сәтте сіздер алдыңғы шепте адам денсаулығын сақтау үшін жанкешті еңбек етіп жүрсіздер. Бүгінгі шараға 15 дәрігер шақырылған болатын. Өкінішке орай, кейбірі өздері ауырып қалып, кейбірі жұмыста болып, бірқатары келе алмады. Дегенмен бұл марапат тек сіздердің ғана емес, барлық медицина қызметкерлеріне берілген марапат деп есептеймін. Ұлт денсаулығын сақтауда сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз. Мен сіздер арқылы күн-түн демей, отбасын көрместен адам денсаулығын сақтауда жанталасып еңбек етіп жатқан барша дәрігерлерге облыс жұртшылығы атынан алғыс айтқым келеді.  Денсаулық саласында мәселе де бар. Ең үлкен мәселе –дәрігерлердің жетіспеушілігі. Жақында медициналық институт, колледж бітірген мамандар қатарыңызға қосылмақ. Медициналық жабдықтар мәселесі де бар. Оны да шешеміз.  Ең бастысы, дәрігерлер  сіздер аман болыңыздар! Сіздер аман болсаңыз, жұрт аман болады, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.  
  Бұл күні ел тұрғындарының денсаулығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген бірнеше медицина қызметкері мемлекетік марапатқа ие болды.  Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Бибігүл Айтпаева «Парасат» орденімен, облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігері Марат Балшамбаев «Құрмет» орденімен, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының реаниматологы Салауат Ақдауов, облыстық кардиологиялық орталығының дәрігері Данияр Аренов, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының  Әлия Маужанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен, облыстық көпбейінді ауруханасының мейіргері Асима Гайсина «Шапағат» медалімен, облыстық кардиологиялық орталықтың мейіргері Венера Мырзағалиева «Құрмет» граммотасымен марапатталды.
  Салтанатты шарадан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Болатбек Каюпов журналистерге қазіргі жағдай туралы айтып берді.
  – Өңірімізде жағдай әлі тұрақсыз. Күн сайын дәрігер көмегіне жүгінетін адамдардың қатары көбеюде. Жедел жәрдемге тәулігіне 1200 –ден астам қоңырау түседі. Ауыр қалде жатқан адамдардың саны 92-ге дейін көбейді. ИВЛ аппаратында 30-ға жуық адам жатыр.  Жағдай өте ауыр.  Дәрі-дәрмек жеткілікті. Жақында тағы дәрі-дәрмек келеді деп күтіп отырмыз. Алдыңғы шепте 700-дей дәрігер тәулік бойы жұмыс жасауда. Әр ауданда провизорлық орындар ашылды. Қазіргі кезеңде зейнеткерлердің де көмегі көп. Көпшілігі науқастарға онлайн кеңес беруде. Біз колл орталыққа қосымша адамдар шақырып жатырмыз. Облыстық клиникалық ауруханаға 20 мейірбике, 30 кіші медицина қызметкері, қалалық көпбейінді ауруханаға 30 орта медицина қызметкері, 40 кіші медициналық қызметкер қажет. Сондай ақ, қазір бізге реаниматологтар жетіспейді. Бүгін марапатталған дәрігерлердің бәрі де бүгінгі күннің батырлары деуге болады Қиын жағдайға қарамастан, мамандығына адал қызмет етіп жүрген өз әріптестеріммен мақтанамын.  Олар өздері ауырғанына қарамастан бірінші кезекте адамдардың денсаулығын сақтап қалуға тырысты. Тек марапат бәріне бірдей жетпейтіні өкінішті. Қазіргі күнде дәрігерлердің көпшілігі төрт айдан бері отбасын көрген жоқ. Сондықтан дәл қазіргі кезде дәрігерлерге тұрғындардың қолдауы аса қажет, -дейді Болатбек Амангелдіұлы.