
Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданының маңынан өтетін Елек өзені арнасынан көтерілді. Су деңгейі қауіпті деңгейден асып барады. Сондықтан өзен бойын жағалай орналасқан елді мекендерге, атап айтқанда Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылдық округіне қарасты Ащысай, Мырзағара және Талдысай ауылдарын су басу қаупі бар.
Осы орайда, су тасқынымен күресу мақсатында Шыңғырлау ауданы көлемінде дайындық жұмыстары күшейтілді.
Елек өзенінде су тасуы орын алған жағдайда тұрғындарға эвакуация жасайтын 360 орындық 3 эвакуациялық пункт және қосымша халықты көшіретін 5 ғимарат дайындалды.
Қазіргі таңда Елек өзенінің жағалауына 2 000-ға жуық құм толтырылған қапшықтар дайындалып, тәулік бойы кезекшілік қою тәртібі ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта жағдай жіті бақылауда.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі