
Батыс Қазақстан облысындағы аграрлық-техникалық университетте молекулярлы-генетикалық зертхана ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұндай ғылыми орталық батыстағы ешбір облыста жоқ көрінеді. Құны 130 миллион теңгелік жабдықтарда жан-жақты зерттеулер жасалады. «Мал шаруашылығын асылдандыру» заңына сәйкес бірінші класты асыл тұқымды түліктің ата тегі ДНҚ арқылы дәлелденуі керек. Бұрын шаруалар қажетті құжат үшін шетелге шығатын болса, енді ондай қызметке өзімізде қол жеткізе алады. Генетикалық зерттеулер арқылы ғалымдар төлдің өсу әлеуетін, түрлі ауруларға төзімділігін ерте бастан анықтайды. Осы арқылы артық шығынсыз мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын дамытуға болады. Зертханада түрлі биологиялық препараттар мен вакциналар шығаруға да мүмкіндік бар. Ол үшін 3 жас ғалым шетелде арнайы оқытылыпты. Индира Бейішова, сынау орталығының директоры, биология ғылымдарының докторы:
– Зертханамызда басқа да салалар бойынша қызмет істеу жоспарланып отыр. Мысалы, медицина саласында көптеген ауруды ДНҚ тұрғысынан ПЦР анализ арқылы диагностикалауға зертхананың материалдық базасы сәйкес. Тек қана осы кейбір рұқсат беретін процедуралардан өту керек. Яғни, лицензия алу керек. Ал былай зертханадағы құрылғылар осындай зерттеулерді жасауға мүмкіндік береді.