
Мемлекет басшысы ел тұрғындарын сапалы көгілдір отынмен қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырған болатын.
Осы ретте, өңір тұрғындары көгілдір отыннан тапшылық көрмеуі тиіс.
Алайда халықты тұрақты негізде газбен қамтамасыз етуде тұрғындардың қызмет түрі үшін уақытылы төлемдер жасап, берешекке жол бермеуі маңызды.
Мәселен, Орал қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Жайықжылуқуат» АҚ көгілдір отын үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на 1,5 млрд теңге қарыз болған.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев «QazaqGaz» басшылығымен келіссөз жүргізіп, аталған мәселеге нүкте қойды.
«Жайықжылуқуат» АҚ Орал қаласы тұрғындарын, әлеуметтік объектілер мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етуде. Осы ретте, кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуі мақсатында жергілікті атқарушы органның резервінен 1,5 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлініп, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдындағы берешек толығымен өтелді.
Өз кезегінде «Жайықжылуқуат» АҚ тұрғындарға газ қызметі үшін коммуналдық төлемдерді уақытылы өтеуді сұрайды.
Өйткені тұрғындардың жауапкершілігі газдың сапалы және тұрақты жеткізілуіне оң әсерін тигізеді.