
БҚО бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жанат Нұрмағамбетова білім беру саласының, қамқоршылық кеңестердің өкілдерімен және қала тұрғындарымен "Бала құқығы – басты құндылық" тақырыбында кездесу өткізді.
Басқосу барысында қазіргі кездегі жасөспірімдер арасындағы кең тараған буллинг, суицид және киберқауіпсіздік сияқты мәселелер талқыланып, бұл мәселеге тек кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия ғана емес, білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдарымен қатар, ата-аналардың өздері мен азаматтық қоғам да тартылуы қажет екендігі айтылды.
Басқосуға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Луара Батырғалиева, педагогика саласының ардагері Александр Мозжухин, БҚО Азаматтық альянсының өкілдері – Президенті Аслан Тапишев пен Әлия Салиева, облыстық мәслихат депутаты Борис Лаврентьев, БҚО "Аналар клубының" өкілі Әлия Неталиева, қамқоршылық кеңесінің мүшесі Тарас Жауынбаев және басқа да спикерлер қатысып, көңілге қонымды идеяларымен, тұщымды ұсыныстарымен бөлісті. Нәтижесінде буллингке қарсы іс-қимыл, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу, туризм және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, кәмелетке толмағандармен жүргізілетін идеологиялық жұмыс, қамқоршылық кеңестердің қызметтік міндеттері, сондай-ақ бүгінгі мектептердегі қордаланған мәселелердің шешу жолдары талқыланды.