Орал трансформатор зауыты панельді радиаторлар жасайтын жаңа желіні іске қоспақ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл кәсіпорын Үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан ауқымды жобаның бірі.
2014 жылы ашылған өндіріс ошағының өнімдеріне өзімізді айтпағанда, сырт нарықта да сұраныс жоғары. Қазір мұнда карантинге қарамастан қызу тірлік. Кәсіпорын тіпті қуатын арттырып, жыл соңына дейін 12 мың трансформатор шығаруды жоспарлап қойған.
Талғат Серікқалұлы, тілші:
Мұратбек Мұқанов зауытта 2015 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бастапқыда трансформаторға қажетті бөлшектер шығаратын станокта тұрды. Кейін болат бұйымдармен жұмыс істеуді меңгерді. Қазір мынадай күрделі қондырғының тілін тауып, өндірістің өрге басуына өз үлесін қосып жүр.
Мұратбек Мұқанов, оператор:
- Менің басты қызметім – электротехникалық стальдарды дайындап кесіп беру. Яғни, ертеңгі процесске дайындалу. Мына стальдарды кесіп, барлығын мөлшерімен шығарып, дайындап беру.
Зауытта барлық өндірістік желілер толықтай автоматтандырылған. Жұмысшыларды оқыту үшін өзге өңірлерден мамандар шақыртылды. Қазір мұнда 300-дей адам еңбек етеді.
Нұржан Абдуллаев, зауыттың өндіріс бойынша директоры:
- Алғашқыда әрине, қиындықтар болды. Мынау кадр дайындау жағынан. Бірақ ол қиндықты жеңіп шықтық. Біз 5 жылдың ішінде алғашқы жылы жылына 500 мың трансформатор шығарсақ, қазір жылына 10 мың трансформатор шығарып отырмыз. Биылғы жоспарымыз 12 мың трансформатор шығарамыз деген межеміз бар.
Қатерлі індетке байланысты қиындықтарға қарамастан, зауытта жұмысшыларды қысқарту болған жоқ. Бірақ тапсырыс көлемінің азайғаны рас. Соған қарамастан, зауыт өндіріс қуатын арттыруды жоспарлап отыр. Дайын өнімді тасымалдау шығынының 80%-ін мемлекет өтейді. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында зауытқа төмен проценттік мөлшерлеме, кеден және салықтық жеңілдіктер түрінде қолдау жасалды. Нәтижесінде зауыт жаңа желілерді іске қосуға мүмкіндік алды.
Нұржан Абдуллаев, зауыттың өндіріс бойынша директоры:
- 6-10 кернеудегі трансформаторлардың 12 түрін шығарып жатырмыз. Жаңа цех салып жатырмыз, цех панельді радиаторлар шығарады. Ол үлкен қуатты трансформаторларға жүреді. Ол заттарды біз әрине, экспорттау ойымызда бар. Панельді радиатор 35, 110, 220, 500, 720 кернеулі үлкен қуатты трансформаторлаға дайындап жатырмыз.
Зауыт аумағындағы құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Күрделі жөндеуден өтетін мына ғимараттың бір бөлігі жұмысшыларға арналған жатақханаға айналады. Нысан жанында дүкен, балалар алаңы мен балабақша жұмыс істемек.
Авторлары: Талғат Серікқалұлы, Руслан Газезов, Қанат Махмұтов