Оралдағы салынып жатқан көпірдің жиектасы талапқа сәйкес келмеді

Оралдағы салынып жатқан көпірдің жиектасы талапқа сәйкес келмеді

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев әлеуметтік маңызы бар құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралады. Облыс басшысы ең алдымен мұнай базасы ауданындағы көпір құрылысына ат басын тіреді.

Қаламыздағы мұнай базасы ауданында көпір салу жұмыстары 2018 жылдың 1 қарашасында басталды. Көпір өткелін қайта құру жұмыстарына КПО б.в компаниясы есебінен 5,2 млрд теңге бөлінген. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша жөндеу жұмыстары 36 айға жоспарланғанымен бас мердігер "КА-строй ЛТД" құрылыс-монтаж жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлауда. Шаһар шырайын келтірер көпірдің ұзындығы кіреберістермен қоса алғанда ұзындығы 988 метрді құрайды. Жобаға сәйкес көпірдің ені – 20м, жолақтар саны екіден төртке дейін артады. Өткел бойына жарық бағандарын орнату қарастырылған. Қазіргі уақытта ұсақ түйіршікті асфальт төсеу, кіреберістерде карниз блоктарын орнату, тосқауыл қоршауларын әкелу жұмыстары жүргізілуде. Көпір конструкциясын гидрооқшаулау жұмыстары аяқталып, қиыршық тас негізін орнату бойынша жұмыстар орындалды.

Көпір жөндеу жұмысы барысымен танысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев жиектастардың сапасына мән беру қажеттігін атап өтті. Өзіне whatsapp желісі арқылы жиектас сапасына шағымданған тұрғындардың наразылығын тілге тиек еткен облыс басшысы өңірімізде өндірілетін жиектастардың сапасын тексеруді ұмытпады. «Жол активтері» ұлттық сапа орталығы өкілінің айтуынша, жиектастардың сынамаларын іріктеу кезінде 300 дананың тек 61-і ғана талапқа сәйкес келген.

– Апта бойы асфальттың бірінші қабатының төселуін аяқтаймыз. Содан соң екінші қабатқа, әрлеуге кірісеміз. Бүгінгі күні көпір құрылысының орындалу пайызы 95%-ды құрайды. Жұмыс өндірістің жобалық кестесінен алға жылжып, жүргізілуде. Жұмыстарды ағымдағы жылдың шілде айында аяқтауды жоспарлаудамыз, – дейді мердігер.

Ғали Есқалиев көпірдегі жиектастардың сапасын толық тексеріп, бар кемшілікті тез арада жоюға тапсырма берді.

Гүлжамал Жолдығали,

фото: Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz