Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына қатты көңіл бөлуді тапсырды

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына қатты көңіл бөлуді тапсырды

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев биыл сәуір айында басталған кәріз коллекторының жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазір "Астанаинжкомстрой" ЖШС мердігерлік ұйымы 5431,5 м созылған коллекторды қайта жаңарту үшін барлық қажетті құрылыс материалдарын сатып алған.

– Кәріз коллекторының жөндеу жұмыстарына 60 млн теңге бөлініп, құрылысқа 30 жұмысшы жұмылдырылды. Бұл ең күрделі учаске, жұмыс істеу қиын. Жол қозғалысы кедергі келтіреді. Жұмыстар биыл күз айларында аяқталу керек, –дейді "Астанаинжкомстрой" ЖШС директорының орынбасары Саясат Төлепберген.

Московская көшесіндегі учаскеде 450 м жер жұмыстары орындалып, 780 м құбыр төселсе, Шолохов көшесінде 570 м жер жұмыстары жүргізіліп 555 м құбыр төселді. Сондай-ақ Московская көшесінен жол өткелі салынбақ.

Салынып жатқан материалдардың сапасы мен жұмыс күшінің жеткіліктілігіне баса мән берген облыс әкімі Ғали Есқалиев жүргізіліп жатқан жұмыстар халыққа қолайсыздық тудырмауы қажеттігін қадап айтты.

Одан әрі облыс басшысы Старый аэропорт шағын ауданындағы Коняхин көшесін қайта жаңарту бойынша жүріп жатқан жұмыстарымен танысты. Қалалық Коняхин, Самал көшесінен Тәуелсіздік көшесіне дейінгі көшелерді жөндеуге 72 271 345 теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Бүгінгі күні тротуарларды жайластыру, сондай-ақ жол негізін дайындау жұмыстары басталды.

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Аслан Дәубаев атап өткендей, қазіргі уақытта орындалған жұмыстардың сапасы төмен болғандықтан Коняхин көшесі бойынша ұзындығы 731 метр құрылыс жұмыстары тоқтатылған.

- Келісім-шарт сомасы 72 млн теңгені құрады. Негізгі ескертпелер тротурарлар бойынша анықталды. Өйткені технология сақталмаған. Мердігер құрылыс-монтаж жұмыстарының барысын тоқтатуды тапсырғанға қарамастан, жауя жүргінші жолын (тротуар) төселуін жалғастыра берген. Мердігерге осы жұмыстардың жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес келмейтіндігі туралы хабарлама жіберіліп, ескертілді. Берілген ескерту орындалмаған жағдайда нысан пайдалануға қабылданбайды, - деді Аслан Дәубаев.

Жол-құрылыс инженері Зәуірбек Қыпшақбаевтың айтуынша, мердігерлер берілген ескртулерге мән берместен, жұмыстарын жалғастыра береді екен.

–Көбіне технологиялық талаптар сақталмайды. Құрылысқа алынған материалдар жоба талаптарына сай келмейді. Әсіресе жаяу жүргіншілер жолына жеңіл қарайды. Коняхин көшесіндегі талапқа сай материалдар кері алынып, жоба бойынша қарастырылған материалдар қойылатын болады, – дейді жол-құрылыс инженері.

– Құрылыс жұмыстарында ешқандай асығыстыққа жол берілмей, ең бастысы сапаға мән берілуі керек,-деп сөзін сабақтаған облыс әкімі Ғали Есқалиев орын алған кемшіліктерді дереу жоюға тапсырма беріп, уәкілетті құрылымдардың басшыларына құрылыс материалдары мен жұмыс сапасын бақылауға ерекше назар аударуды тапсырды.

Гүлжамал Жолдығали,

фото: Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz