
Бүгін қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі орналасқан екі бірдей көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында түрлі әлеуметтік санаттағы 284 отбасы жаңа пәтер кілттеріне ие болды.
Мемлекет басшысы осындай күрделі кезеңде қабылдаған уақтылы шаралардың арқасында құрылыс қарқыны баяулап қана қоймай, жаңа жұмыс орындары құрылды, бұл үйлердің құрылысын уақытында аяқтауға мүмкіндік берді.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев жаңа қоныс иелерін осы тамаша сәтпен құттықтады. Аймақ басшысы кілттерді табыстау күнінің балаларды қорғау күні мерекесіне қатар келгенін атап өтті.
- Еліміздің болашағы осы өскелең ұрпағымызға байланысты. Балаларымыздың осындай зәулім үйлерде тұрып, жаңа бала-бақшалар мен мектептерге барып білім алуы біздің басты мақсатымыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға баса назар аударады. Әсіресе, әр отбасының баспаналы болуын мақсат еткен бастамалары бүгінде ел дамуының басты бағыты болып отыр – деді облыс әкімі.
Қаланың солтүстік-шығыс бөлігі - қаламыздың қарқынды дамып келе жатқан шағын аудандарының бірі. Жақын арада осы аумақтан жаңа мектеп бой көтеретін болады. Шағын аудан ішілік жолдар салынып, толықтай абаттандырылады.
Сонымен қатар, облыс әкімі "Болашақ Т" және "СКФ Отделстрой" мердігерлеріне алғысын білдірді.
Айта кету керек, биыл Орал қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасымен үй құрылысына 15 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 8 көппәтерлік үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Жалпы биыл облыс бойынша 485 мың ш.м. тұрғын үй қолданысқа беру жоспарлануда, оның ішінде 88 тұрғын үй ауылдық елді мекенде. Нәтижесінде жалпы саны 1830 пәтер қолданысқа берілетін болады.