БҚО-да жылыжай құрылысы қарқын алды

БҚО-да жылыжай құрылысы қарқын алды


Батыс Қазақстан облысында жалпы аумағы 7 гектардай 97 жылыжай бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы нысандардан бір маусымда алынған өнім 400 тоннаны құрайды. Десе де, бұл 650 мың тұрғыны бар өңір үшін жеткіліксіз. Дәл қазір сатылымдағы қияр-қызанақтың дені Ташкент пен көршілес Ресей аймақтарынан әкелінеді. Дегенмен осы олқылықтың орнын толтырып, импорттық тауарларды сауда сөрелерінен ығыстырар күнге де көп қалған жоқ. Күні бүгін Зашаған кентінде 5 жарым гектар аумақта жылыжай құрылысы аяқталуға жақын, Бәйтерек ауданы Новенький ауылы маңында көлемі 17 гектар болатын жылыжай кешенінің құрылысы да басталды. Жалпы сомасы 13 миллиард теңге тұратын жылыжай голландиялық технологиямен салынуда. Мұнда көкөніс гидропоника тәсілімен, яғни топырақсыз өсірілмек. Таяу жылдары тағы да басқа ірі жобалар жүзеге аспақ.

Мұрат Ибрагимов, кәсіпкер:

– Әйнекпен жабылған жылыжай салайық деп жатырмыз. Өндіретін өнімдеріміз – қияр мен қызанақ. Жылдың аяғында аяқтаймыз деп отырмыз. Шығатын өнімдеріміз 7 мың жарым тоннадай. Құрылғаннан кейін 170 орын ашылады. Біздерге деген агроном мамандықтар керек болады.

Қуанышқали Есімов, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Тағы бір жобамыз бар. Ол Теректі ауданында орналасқан Пойма ауылы қасында. Қазір жобалық жұмыстарын әзірлеп жатыр. Бұл жылыжай жетпіс гектар көлемінде орналасады. Аяқталу мерзімі – 2025 жыл. Құрылысы біткен жағдайда 40 мың тонна қызанақ өнімдерін өндіреді. Жалпы құны  –64 млрд теңге.