БҚО-да Республика күніне орай облыс әкімінің салтанатты жиыны өтті

БҚО-да Республика күніне орай облыс әкімінің салтанатты жиыны өтті



Бүгін «Атамекен» өнер ордасында 25 қазан Республика күніне орай облыс әкімінің салтанатты жиыны болып өтті.

Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі, басқарма басшылары мен үкіметтік емес ұйым мүшелері, еңбек ардагерлері мен депутаттар және қала тұрғындары қатысты.

Мерекелік шара барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев сөз сөйлеп, барша батысқазақстандықтарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдіре отырып, облыстың жеткен жетістіктеріне тоқталды.

«Құрметті батысқазақстандықтар! Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Республика күнімен құттықтай отырып, мемлекет ретіндегі тапқан еңбек пен бейбіт өмірді басты мұрат, мақсат санайтын Республикамыздың даңқы арта берсін. Біз бүгін жалпыұлттық мемлекеттік деңгейде Республика күнін атап өтудеміз. Республика күні елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекем етіп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке»,- деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс басшысы ағымдағы жылы Республика күніне орай ашылған нысандар мен жобаларға, 2024 жылы орындалу керек жоспарлар туралы баяндады. Сондай-ақ, салтанатты жиын барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, мемлекеттік наградалармен наградтады. Облысқа еңбек сіңірген сала қызметкерлері, еңбек ардагерлері мен депутаттар, ЖШС басшылары «Парасат», «Құрмет», «Еңбек ардагері», «Еңбек даңқы» орденімен және «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медалімен марапатталды.

Әрмен қарай, салтанатты жиын облыс өнерпаздарының дайындаған «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным» атты концерттік бағдарламасына ұласты. Мерекелік шара барысында әсем әуендер шырқалып, мың бұралған бишілер сахнаны думанға бөлесе, күміс көмей әншілер мен күмбірлеген күй ойналып, өнерпаздар көрермен қошеметіне бөленді.

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі