Жайықбай каналына жан бітті

Жайықбай каналына жан бітті

Облыс әкімі Ғали Есқалиев, аудан әкімі Алдияр Халелов және сала мамандары Жайықбай су арнасының жағдайын талқылады.

1975 жылы салынған Жайықбай каналына көп жылдан бері су келмей әбден құрғап, тіпті бұрын болмаған өсімдіктер бой көрсетіпті. Айналасы толған шаруа қожалықтар. 22 шаруа қожалықтың малын сумен қамтуға жететін аталмыш каналдың мәселесі бүгінгі таңда өзекті. Ел ағаларының Жайықбай каналының басына жиналуының да басты себебі осы.

Әрине қандай шаруа болса да қаражатқа келіп тірелетіні айдан анық. Шежін, Мереке және Атамекен ауылдарының аумағында жер асты сулары жоқ екен. Кеңес үкіметі кезінде осындай мәселелерді ескеріп Жайықбай каналын салған көрінеді.

- Өткен жылдары ауданның бюджетімен жобасы жасалды. Негізгі құны 756 млн теңгені құрайды. Каналдың бойында 19 тоған бар. Сол аталған тоғандар суға толса шаруалар үшін тиімді болар еді. Аталған каналдың бойында 350-400 мың гектар жайылым бар. Шаруалардың сұрауы бойынша «Қазсушар» мекемесі 1 млн 200 мың куба метр сумен қамтып отыр. Болашақта аталған каналдың бойы суға толса 49 шақырымдық каналды бойлап жатқан шаруаларға көмегі тиер еді,-дейді «Қазсушар» мекемесінің бас гидротехнигі Шынболат Ермағанбетов.

- Биыл өздеріңіз білетіндей қыс мезгілінде қар онша түспеді. Оныс үстіне Жайықбай каналы көптен бері сумен қамтылмаған еді. «Қазсушар» мекемесі мен аудандық әкімшіліктің күш салып жұмыстануының арқасында каналымызға су келді. Шыны керек, канал бойынан су көрмегенімізге 4-5 жылдың жүзі болды. Енді тоғандарға су толтырылса, тіпті керемет болады,- дейді «Жұмалы» шаруа қожалығының басшысы Михаил Марченко.

Осыдан екі жұма бұрын Жайықбай каналының басына барып кеткеніміз де аталмыш каналдың өңі қашып құрғақ тартып жатқан еді. Облыс әкімінің іссапары барысында каналдың бойына су жүргенін көріп қуандық. Оның үстіне ірі қара малы мен бірнеше үйір жылқылардың келіп су ішіп жатқанына көзіміз жетті. Алдағы уақытта игі істер жалғасын тауып, каналдың бойы суға толса аталған елді-мекендер мен бірнеше шаруа қожалықтары баға жетпес байлыққа кенелгендей болары сөзсіз.

Тасқала ауданына барған өңір басшысы 5120 басқа арналған ІҚМ бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Роллан Сарбупин басқаратын «Taskala-ET BKO» ЖШС бұқашықтарды бордақылау және ІҚМ етінің өндірісімен айналысуда. Жалпы жобаның құны - 1,3 млрд теңге.

Құрылыс кезінде 28 адамды жұмыспен қамтыса, жалпы пайдалану кезінде 48 адамға дейін жұмысқа тартылады. Болашақта ет өнімдерін БҚО, Атырау және Ақтөбе облыстарына жеткізетін болады.

Темірболат Тоқмамбетов,

zhaikpress.kz