Облыс әкімі Тасқаладағы жол құрылысымен танысты

Облыс әкімі Тасқаладағы жол құрылысымен танысты

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиев Тасқала ауданында болды. Ондағы бірнеше нысанды аралап қазіргі таңдағы жұмыс қарқынымен танысты.

Өңір басшысы алдымен Мерей ауылына кіреберіс автожолға жасалып жатқан орташа жөндеу жұмыстарының қазіргі қарқынын көрді. «Асфа» ЖШС жүргізіп жатқан орташа жол жөндеу жұмыстарына 15 техника және 21 жұмысшы тартылған.

-Аудандық маңызы бар Мерей ауылының 13 шақырымдық орташа жол жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Бүгінгі күні жол жөндеу жұмыстарын мердігер «Асфа» ЖШС жүргізіп жатыр. Қиыршық тастар төселуде. Бұндай әдіспен жол жөндеу жұмыстары 4-5 жылдан бері қолданысқа енгізілді. Яғни бұрынғы асфальттің үстіне қиыршық тастар төселіп, одан әрі біріктіру арқылы жасалатын болады. Жолдың сапасын әрдайым қадағалап отыратын құзырлы мекемелер де осы жерден табылады. Жоба құны – 487 676 986,72 теңге. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен аталған сомманың жартысы бөлініп, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Негізінен ағымдағы жылы жеті шақырымды аяқтасақ, келесі жылы қалған қашықтықты толық аяқтайды деген жоспарымыз бар,- дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Айтмағанбетов.

Орташа жөндеуден өтіп жатқан тас жолдың құрылысымен танысқан өңір басшысы, «Асфа» ЖШС директоры Иван Иньютинге келесі жылға қалдырмай, осы қарқынмен жол жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылы толықтай аяқтау керектігін нақтылап айтты. Алдағы аптадан бастап қаржы мәселесінің 80 пайызын шешуге кірісетінін және жолшыларға жолдың құрылысын сапалы әрі уақытында тапсыруға күш салу керектігін деген ұсыныс айтты. Бұл жерде «Асфа» ЖШС басшысы Иван Ивановичте өңір басшысының ұсынысын қабыл алды.

Әрі қарай өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы «Тасқала-Аққурай» бағытындағы тас жолдың жұмысын аяқтай барып көрген болатын. «UNISERV» ЖШС бас директорының орынбасары Бауыржан Темірхановтың айтуынша, жалпы жол құрылысы өткен жылы басталған. Жол салу жұмыстарының елу пайызын былтырғы жылы аяқтаған. Яғни жасалған жол 25,2 шақырымды құрайды. Қалған 22,8 шақырым жол құрылысы жұмыстарын ағымдағы жылы аяқтауға қауқарлы.

Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz