
– Батыс Қазақстан облысында биыл жаңадан бірнеше мектеп іске қосылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанованың айтуынша, бұл үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер санын қысқарту мақсатында қолға алынып отыр.
Облыс орталығы Орал қаласының өзінде 11356 оқушыны қамтитын 8 үш ауысымды мектеп бар. Жалпы, шаһардағы оқушы орнының тапшылығы 2281 орынды құрайды.
Осы мәселені шешу бағытында биыл қалада 900 орындық №51 орта мектеп ғимараты пайдалануға беріледі.
Тағы бір түйткілді мәселе – апатты мектептер жағдайы. Өңірде 3752 оқушы білім алатын 10 апатты жағдайдағы мектеп бар.
Биыл Ақжайық ауданы Чапаев ауылында апатты мектептің орнына 100 орындық интернатымен 300 орындық жаңа білім ордасы өз есігін айқара ашады.
Сондай-ақ Қазталов ауданы Қазталов ауылында 600 орындық А.Оразбаева атындағы орта мектептің құрылысы басталды. Құрылысы алдағы жылы аяқталатын нысанға республикалық бюджеттен 2319,2 млн теңге бөлінді.